Атырау облысында ауыл шаруашылығы мамандары тапшы

Бүгінде өңірге агрономдар мен мал дәрігерлері, техниканың тілін меңгерген мамандар қажет, деп хабарлайды 24KZ. Тапшылықты жою үшін облыс орталығындағы аграрлы-техникалық колледжінде ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын хаб құру қолға алынған.

Мақат ауданы өндірістік мекен болғанымен, қазір ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді. Бірақ ата кәсіпті қолға алған шаруалар білікті мамандардың көмегіне зәру. Мал дәрігерінен бастап, техниканың тілін білетіндерге сұраныс жоғары.

Сағындық Мұқаш, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жылқышым бар «хозяйкасымен». Көмекшілер жоқ. Техниканы айдайтын механизатор жоқ. Шөп шабатын жеріміз жоқ. Жер болғанда да механизатор жоқ. Осындай қиыншылықтар көп. Оның бәрін тізе берсек көп.

Ауыл шаруашылығы саласына барғысы келетін жастар некен-саяқ. Көбі даладан гөрі қаланы қолайлы көреді. Кейбірі жалақының аздығын алға тартады. Осы орайда жастардың да пікірін тыңдап көрдік.

Нұржол Жасқанатұлы, қала тұрғыны:

- Жастар ол жерде ең бірінші ақша мәселесіне қарайды. Сосын ол жерде жағдай жақсы болуы керек. Қазір енді екінің бірінде телефон ғой. Телефон болғасын кейбір жерде интернет ұстауы мүмкін, кейбір жерде ұстамайды. Кей кезде қиын болады малшылар үшін. Оған жастар үйренбеген ғой. Малдың соңында бейнеттің зейнетін көріп жүрген жастар да бар.

Оңайбай Көшеков атындағы аграрлы-техникалық колледжі – ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын өңірдегі жалғыз оқу ордасы. Мұнда ветеринар, агроном, техник-механик секілді мамандықтар оқытылады. Республикалық «жас маман» жобасы аясында қажетті құрал-жабдықтар да алынған. Енді студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін арнайы хаб құру жоспарланып отыр.

Маржан Ләпиденова, О.Көшеков атындағы аграрлы-техникалық колледжі директорының орынбасары:

- Үлкен бір ветеринарлық клиника ашқымыз келеді. Сол жобаны ұсынып жатырмыз. Оның ішінде мал бағатын заманауи қоралары да болады. Жылыжайы да болады. Оның ішінде «операционный» зал да болады, «процедурный» да болады. Оған біздің оқытушылардың әлеуеті жетеді.

Білікті мамандарды тарту үшін, әрине, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту маңызды. Мысалы, медицина қызметкерлері мен мұғалімдерге берілетін түрлі көмек ауыл шаруашылығы саласына қызығушы жастарға бұйырмайды. Жас мамандар «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ғана баспана алады.

Жасұлан Сұлтанғалиев, облыстық АШБ бас маманы:

- Үй сатып алуға, баспана сатып алуға бірреттік ақша түріндегі қаражат қарастырылған. Оқу орындарымен жыл сайын жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оқу орындарының шақыртуы бойынша басқарма тарапынан мамандар қатысады.

Өңірде қазір мал шаруашылығымен айналысатын 2300-ден аса құрылым бар. 100-ге тарта кәсіпорын асыл тұқымды мал өсіреді. Бірақ маман тапшылығы саланың ілгерілеуіне қолбайлау болып отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.