Ұлттық ұлан офицерлері алматылық оқушылармен кездесті

Құрылғанына 33 жыл болған әскери құрылым сардарлары лицей оқушыларының сұрақтарына жауап берді. Балаларды патриоттық сезімге үндеді. Ұлтын сүйген ұрпақ мықты сарбаз болады, ал қуатты әскер – елдің қорғаны.

Сонымен қатар ішкі қауіпсіздікке жауапты Ұлттық ұлан сапында қызмет ету тәртібін түсіндірді. Мысалы, Отан алдындағы борышын өтеген соң немесе Петропавлдағы Ұлттық ұлан академиясында білімін шыңдау арқылы құрылым сапын толықтыруға болады. Кездесу барысында мектеп пен әскери бөлім арасында келісім жасалды. Бұдан былай әскерилер лицейдегі патриоттық шараларға қатысып, тәрбие ісіне үлес қосып отырады.

Ұлықбек Қараев, 55/71 әскери бөлімі командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары:

- Бүгінгі таңда Ұлттық ұлан Қазақстан бойынша 9 тапсырма орындайды. Тапсырмаларымыз қаладағы қауіпсіздік шараларын күзету, сотталғандарды айдауылдау, одан қалып жатса барлауларымыз бар. Арнайы жасақ «Бүркіт» олар өздерінің арнайы тапсырылары мен міндеттерін атқарып жатыр.

Пайзидин Саттаров, №166 лицейдің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі:

- Мектепте аптасына, болмаса айына 2-3 рет осы тақырыпқа байланысты осындай отан қорғау үшін жарыстар, АК-74 бөлшектеу, жинау деген болады, саптық дайындық деген болады, өлеңдер, спорттық дайындық жақтарынан осындай шаралар өтіп тұрады.