Алматыда заңсыз орнатылған 500 дүңгіршек бұзылады
Алматыда заңсыз орнатылған 500-ге жуық дүңгіршек бұзылады, деп хабарлайды 24KZ. Қазір стационарлық емес сауда нысандарының иелеріне ол жайында ескерту беріліп жатыр. Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы 27 қаңтардан 17 ақпанға дейін заңсыз орнатылған дүңгіршектерді жаппай бұзу жұмыстарын жүргізетінін айтты.
Қалада 157 дүңгіршек қоюға арналған 142 орын бекітілген. Қалғандары заңсыз қызмет етіп келеді. Талапқа сай емес дүңгіршектерді анықтау және сүру бойынша арнайы жұмыс комиссиясы құрылды. Құрамында мемлекеттік органдар, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері бар. Олар шаһардағы жөн-жосықсыз сауда мәселесін де тексерді. Нәтижесінде 49 орын анықталып, ондағы саудагерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Әбілқайыр Аймұхамбет, кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының бөлім басшысы:
- Заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда объектілерін ерікті түрде бұзу туралы 200-ден астам обьекті иелеріне хабарма жіберілді. Бөлшектеу кезінде сауда нысандары электр және су желілерінен ағытылады.