Құмға көмілген «Мерседес» құпиясы
Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданындағы Алаш мұражайында «Мерседес» көлігінің макеті қойылған.
Бұл Жымпиты, Қаратөбе жолдарымен жүрген алғашқы автомобиль. Көлікке құрмет тек сол үшін емес. Тарихи деректерге сүйенсек, дәл осындай темір тұлпарды Батыс Алашорда көсемі Жаһанша Досмұхамедов мінген екен. Кейін қызылдардың күш алып келе жатқанынан қауіптенген Жаһанша, Алашорда мен оның мүшелері туралы деректер коммунистер қолына түспесін деп, бар құжатты көлікке салып, ТЕМІР ТҰЛПАРДЫ жер астына көміп тастаған деседі.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Қаратөбе ауданындағы Алаш мұражайына алғаш келген жанның назарын еріксіз аударатын экспонаттың бірі мына Мерседес. Тарихтан мәлім 1918 жылы Батыс Алашорда ұйымы Самарадағы уақытша үкіметтің құрылтайшылар комитетінен көмекке 2 мың мылтық, 37 пулемет 2 зеңбірек, 2 автомобиль алады. Сол автомобильдің бірін Жаһанша Досмұхамедов тізгіндейді. Мына жәдігер сол көліктің көліктің кішірейтілген макеті.
Мұражайды жасақтаушы меценат Ержан Хасанов Жаһанша мінген «Мерседес» жөніндегі аңызды жастайынан естіп өскендіктен мына көліктің макетін арнайы құрастырдым, - дейді ол.
Ержан Хасанов, меценат:
- Осы 1912 жылғы «Мерседес» макеті. Сол бағытта макетін жасап шығардық. Тектен текке ойдан құрастырған емес. Мұның бір аңызы бар. Аңыз десек те, аңыз емес. Екі «мерседеспен» жүргенде, бір мерседес большевиктер баса-көктеп келгенде, біреуін ішіне құжаттар салып әртүрлі, тағы нелер бар екенін білмейміз, бір шағылға апарып көмді деген дерек бар.
Дәл осы аңызды естіп, Жаһанша көмген көлікті тапсам дейтіндер аз емес. Жаһаншаның туған жері Қарақұдық пен көрші Көгеріс ауылдарының айналасын жылда қара археологтар қазып кетеді екен. Биыл да белгісіз біреулер көне қорымды талқандап кеткен.
Мереке Меңжанов, Көгеріс ауылының тұрғыны:
- Ақтөбелік көлік номері бар екі машина археологтармыз деп келіп қазып кетті. Келіп сұрағанда видеоға түсірейік дегенде, «болмайды, кешкі мезгілде бәрін шығарғасын түсіресіз» деп. Дронымызды алып кешке келсек, кетіп қалған. Бұлар «қара археологтар» екен.
Тұрғындардың арызымен атқа қонған тарихи-мәдени мұраларды қорғау инспекциясының мамандары Әбіл бейітін қазғандардың «Түркология және моңғолтану ғылыми-зерттеу институты» деп аталатын жеке серіктестіктің ісі екенін анықтапты. Ақтөбелік археологтардың лицензиясы болғанымен де дәл осы жерде зерттеу жүргізуге инспекциядан рұқсат алмаған.
Нұрлан Кенжин, БҚО Тарихи-мәдени мұраларды қорғау инспекциясы директорының міндетін атқарушы:
- Барған жерде ешқандай қазба жұмыстары жүріп жатқан жоқ. Алайда ол қорғандағы қазба жұмыстары ауыр техника күшімен жасақталған іздері, қазған іздері анық көрініп тұрды.
ЖаҺанша мінген мерседес құм арасында көмілген деген әңгіме аңыз емес, ақиқат. 30 жылын алаштануға, соның ішінде Жаһаншатануға арнаған Дәметкен Сүлейменова осылай дейді.
Дәметкен Сүлейменова, тарихшы-ғалым:
- Негізінен бұл аңыз емес. Аңыз емес дейтінім көзім жетіп тұрғаны документте, құжатта бұлар «Комучтан» екі автомобиль алған. Бұның бәрі документально тұр. Жаһаншаның атқосшысы болған бір Масақ деген кісі. Оның Секер деген кемпірі болған. Қарт қайтар кезде кемпіріне айтып кеткен. Былқылдақ деген жерге машина көмілді деп. Мен ойлаймын халық айтса, қалт айтпайды. Мұның бәрі шындық.
Қазақтың азаттық үшін күрес жолында «Алашорда» қозғалысының орыны ерекше. Бірақ әлі күнге дейін Күнбатыс Алашорда туралы құжаттар аз, деректер мардымсыз.
Дәметкен Сүлейменова, тарихшы-ғалым:
- Енді не үшін машинаны көмді? Жаһанша заңгер, құжатқа өте мұқият адам. Сондықтан олар не болса да бүкіл жүргізген істерінің бәрін қағазға түсіріп, кәміл құжат ретінде сол машинаға салып кетті деп ойлаймын. Себебі біздер әскерінің құрамын да таба алмай жатырмыз. Олардың құжаттары осынша адам қатысты, осынша болды деген. Сондықтан сол машинаны тапсақ ол әлемдік сенсация болады.
Біздің тарих бұл өзі қалың тарих, оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы деп, Қадыр ақын жырлағандай өткеніміздің ақтаңдақ тұстары аз емес. Осы Жаһаншаға қатысты жайт та ұмыт қалмай, зерттеушілердің деректеріне мемлекеттік деңгейде назар аударылса игі. Мәселе көне көлікті тауып қызықтау емес, уақыт құмы жасырған құпияға қол жеткізуде.
Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов