Шымкентте қаржылық сауаттылық сабақтары оқытыла бастады
Шымкентте оқушылар «қаржылық сауат ашу» сабағын оқи бастады, деп хабарлайды 24kz.
Білім деңгейін арттырған педагогтар еркін форматта дәріс өткізіп, қаражатты үнемдеу мен тиімді жұмсау жолдарын түсіндіреді.
Ашық курстар Экономикалық тергеу департаментінің бастамасымен қолға алынды. «Себебі аймақта кредиттік берешегі қордаланған жастардың қатары көбейіп барады», - дейді сала мамандары.
Қала жастарының кредиттік ұйымдар алдында берешегі көбейді. Құмар ойынның құрбандары онлайн несие рәсімдеп қарызға батса, қыз-келіншектер жағы табысын еселеймін деп қаржылық пирамидаларға алданған. Экономикалық тергеу департаментінің өкілдері сыртқы талдау жұмыстарының нәтижесін жариялады.
Камилхан Исмаилов, Экономикалық тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі:
- Талдау барысында анықтағанымыз 10 құрбанның 70%-і әйел адамдар. Себебі әйел адам тез шешім қабылдайды. Тез ақша табу мақсатында ешкімге айтпайды. Осы жастар, студенттер заңсыз іс-әрекетке барып қалып жатқан жағдайлар бар.
Аты жөнін атамауды өтінген 25 жастағы бұл жігіттің де микроқаржы ұйымдарындағы қарызы қордаланып қалған. Айтуынша, жалға алған көлікке залал келтіріп, бірнеше рет несие рәсімдеген. Соңында қаржылық қиындықтар туындап, өтеу мерзімін өткізіп алған.
Қала тұрғыны:
- Қызыммен жолығу үшін машина алған болатынмын арендаға. Сол уақытта машинаны сырып алдым. Одан кейін микрозайм алдым, кредит үстінен кредит алдым. Солай кредит көбейіп кетті. Қиналамын. Коллекторлар күнде звондайды. Ақшаны төле деп. Ал менде қазір ондай шама жоқ төлеуге.
Борышкерге берешекті өтеудің оңтайлы кестесі ұсынылды. Осыдан кейін ғана шығынды дұрыс есептеу жолдарын үйреніп, үнемделген қаражатты жинақтауға бел буды.
қала тұрғыны:
- Менің түсінгенім, қарызға жоламау керек екен ғой мүлдем. Займы бар ма, кредиті бар ма. Тиыннан теңге құрап, өз ақшаңды жаратудың амалын табу керек қой.
Аймақтағы мектеп оқушыларына «қаржылық сауаттылық» сабақтары үйретіле бастады. Экономикалық тергеу департаменті мен Оқу-ағарту министрлігі бірлесіп, бюджетті тиімді жұмсаудың жолдарын бала жасқа түсіндіру үшін бағдарлама әзірледі.
Аяжан Мекенбек, мектеп мұғалімі:
- Қазіргі кезде жеке ашық сабағымыздың өзінде алаяқтықтың түрлерін, қандай сайттарға кіру керектігін, интернет желісінің қандай сайттарын қолдануымыз керек немесе олардың алғы шарттары қалай болады!? Немесе салдары деген сияқты тақырыптарды айтамыз.
Мамандар жас ұрпақтың санасы қаржылық сауаттылық сабақтарын тез сіңіретінін айтады. Сондықтан бала болашағы үшін қазірден қаражатты басқару жолдарын үйретудің маңызы зор деп есептейді.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов