Мектеп асханаларында тамақтандырудың бірыңғай ережесі бекітіледі
Мектеп асханаларында кондитерлік өнімдер мен балмұздақ және тәтті сусын сатуға болмайды. Министрлік балаларға тек пайдалы тағам беруді көздеп отыр. Сол үшін оқушыларды тамақтандырудың бірыңғай ережесін бекітіп жатыр. Жалпы ағарту ошағындағы мәзірде не өзгереді, ондағы асқа қандай бақылау бар?
Оқу-ағарту мен Денсаулық сақтау министрлігінің бірыңғай стандартында тағамның грамына дейін егжей-тегжейлі түсіндірілген. Мәселен, астың бір түрі бір күн ішінде немесе келесі күні де қайта берілмейді. Ал тұз мөлшері бастауыш сынып балаларына 3 грамға дейін, қалғандарына 5 грамнан берілуі тиіс. Қантты бала жасына байланысты күніне 26-34 грамнан аспайтын мөлшерде қосуға болады. Тағамның төрттен үш бөлігі көкөніс, жеміс пен дәнді дақылдар және жаңғақ-жидектерден болуы керек. Ал майдың майлылығы кем дегенде 72% құрайды. Оған қоса оқушылардың иммунитетін күшейту үшін С дәруменін беру қажет.
Перизат Шәкір, облыстық білім басқармасының бас маманы:
- Жаңа жобаға сәйкес мектептерде келесідей тағамдарға тыйым салынады. Мысалға, тартылған ет қосылған құймақтар, паштеттер, кремді кондитерлік өнімдер, балмұзақ, сағыз сатуға тыйым салынады. Сонымен қатар тәтті сусындар, энергетиктер, газдалған сусындар, пастерленген жеміс-жидектер, көкөніс шырындары мен фаст-фудқа да тыйым салынады.
Жамбыл облысындағы 491 білім ордасын 39 жеке кәсіпкер ыстық тамақпен қамтамасыз етеді. Әзірге мектеп асханалары биылғы оқу жылына арналған ескі бірыңғай мәзірмен жұмыс істеп жатыр. Ағарту ошағының медбикесі мен технологы тағамдарды күнделікті бақылап отырады. Әр күнге берілетін ас технологиялық картаға сай болуы тиіс. Ал асханалар жұмысын әр мектепте құрылған бракеражды комиссия мен ведомствоаралық сараптамалық топ зерделейді.
Ғалия Рысбаева, ведомствоаралық комиссия мүшесі, ата-аналар комитетінің төрайымы:
- Асханада қанша адам жұмыс істейді, оның киіміне, жеке гигиенасы бар, соған, одан кейін қолдары кесілген бе, лакталған ба, сондайларына көңіл аударамыз. Жалпы бәріне бірдей ас мәзірі бекітіледі. Содан бұл кісілер ауытқып кетпеуі керек. Келген тауарларына сертификаттары сәйкес келе ме, сондайларына мән береміз. Оның мерзіміне мән береміз.
Сараптамалық топтар оқу жылының басында өңірдегі барлық мектепті аралып шыққан. Тексеру нәтижесінде 56 мектеп директоры мен олардың 8 орынбасарына, 52 әлеуметтік педагогке сөгіс және ескерту түріндегі тәртіптік шаралар қолданылды. Олқылықтар қайталанбауы үшін аспаздарға түсіндіру жұмыстары жиі жүргізіледі.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.