Ақтөбе облысында мемлекет қаражатына сапасыз үй салынды
Ақтөбе облысында мемлекет қаражатына салынған көпқабатты үй сапасыз боп шықты, деп хабарлайды 24KZ. Қарауылкелді ауылындағы баспана тұрғындары: «Үй ішінде бүрсең қағып отырмыз», – дейді. Әлеуметтік осал топтағы жандарға тұрғызылған үй осыдан төрт жыл бұрын қолданысқа берілген еді.
Тұрғындар: «Көшіп келген жылы-ақ бейнетке душар болдық», – дейді. Шұрық-тесік шатырдан су сорғалап, қыстың қақаған аязында қабырғаларын қырау басқан.
Гүлзат Есенбаева: «Қыс келсе, есік-терезені қымтап әлек боламыз», – дейді. Шиеттей балалары күн суытқалы бірнеше рет ауырған.
Әлеуметтік баспана кезегінде 7 жыл тұрған отбасы сыры кеуіп үлгермеген су жаңа үйге 2021 жылдың желтоқсанында қоныстанды. Мемлекеттік бағдарламаның талабына сәйкес көпбалалы анаға 3 бөлмелі пәтер берілді. Бірақ тұрғындардың қуанышы ұзаққа созылмаған.
Гүлзат Есенбаева, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
- «Отоплением» жасамай қалды менің, мысалы. Әкімшілікке айттым, әкімшілік 80 мың берді. Өзімнің қалтамнан ақша шығарып, кредит алып жасаттым жылудың барлығын. Сосын мен үйдің ақшасын төлемей отырмын. Мен әкімшілікке барғанда да айттым: «Қашан менің үйімді істеп бересіңдер, сол уақытта төлеймін», – дедім.
Тұрғындар 16 пәтерлі үйдің жылу жүйесінен бөлек, қабырғалары да сөгілгендігін айтады. Іргетасын су шайып, ғимарат шөгіп кеткен.
Назерке Шаруханқызы, Қарауылкелді ауылының тұрғыны:
- Жарлары құлап тұр. Терезелерінен жел келеді. Пластик, есіктерінің өздері де дұрыс емес. Қалай болса солай салып тастаған. Төрт конфорканы қосып қоямыз, кейде үйдің іші жылысын деп.
Жалдамалы әлеуметтік баспана иелерінің мұңын жергілікті әкімдіктегілер жақсы біледі. Бұған дейін кәріз жүйесі де істен шыққан. Дер кезінде мердігерге айтып, құбырлары жаңартылған.
Айбек Көпенов, Байғанин ауданының әкімі:
- Мердігердің сапасыз жасағандығы сол кезде айтылды. «Гарантийный срок» өтіп кетті үш жылдан. Енді оны бұл біздің баланстағы үйлер болғандықтан, барлық тұрғындарға арендалық негізде берілген, сондықтан қосымша жылыту мәселесін қараймыз.
Осылайша «Үйдің кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен, мердігерді жазаға тартуға құқымыз жоқ», – деп отыр әкімдік. Жалпы Байғанин ауданында 321 адам баспана кезегінде тұр. Жергілікті билік құрылыс компанияларынан көпқабатты ғимараттардың орнына жеке тұрғын үйлерді сатып алмақша. Биыл 40 отбасына баспана кілтін табыстау жоспарланған.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов.