Павлодарда иесіз иттердің саны артты
Павлодарда жануарларды уақытша паналайтын пунктерде бос орын жоқ, деп хабарлайды 24KZ. 300 орынға арналған орталық күніне 5-10 иесіз итпен толығады. Ветеринарлар оларды тұрғындардың шағымы бойынша аулайды. Былтыр 800-ден астам ит ауланып, 364-не чип тағылды. Сонымен қатар 200-ден астам салпаңқұлақ зарарсыздандырылды.
Волонтер Наталья Князева бұл жерге күнара келеді. Жұмыс орнында асырап алған екі итті ветеринарлар бір ай бұрын осында әкеліп тапсырған. «Жануарлар мұнда бір ай паналайтындықтан тұрақты орын іздеу қажет», – дейді ол.
Наталья Князева, волонтёр:
- Мен тауық сорпасын қайнатып, ботқа жасап әкелемін. Иттер қолға әбден үйреніп алды. Өте мейірімді. Тұрғындар түн мезгілінде үріп, мазамызды алды деп шағым түсіргеннен кейін осында әкелді. Бұл жерде жақсы қарап жатыр.
Ал Жұмабай Бейсенбаев күшік алу үшін Жаңа қала ауылынан келіпті. Оның пікірінше, ауылдағы әр үйде ит болғаны жөн.
Жұмабай Бейсенбаев, Жаңа қала ауылының тұрғыны:
- Біздің ит қартайды, өмірден өтті. Енді басқа қожайын іздеп жатырмыз. Соның орнына ит алып жатырмын.
Орталықта қазір 304 иесіз ит бар. Бір вольерде екі иттен тұрады. Оларға оба мен құтыруға қарсы вакцина салынған. Басқа да міндетті процедуралар жасалады.
Әсет Меңдіғалиев, жануарларды уақытша ұстау пунктінің ветеринар дәрігері:
- Қазіргі уақытта біздің уақытша ұстау пунктімізде бос орын жоқ. Бірақ аптасына екі-үш адам ит асырап алуға келеді. Кейбірі кішкентай күшіктерді таңдайды. Ересек иттерді әкетіп жатқандар да бар. Иесі табылып жатқандары да бар.
Әсет Меңдіғалиевтің айтуынша, қыста иттерге зарарсыздандыру шаралары жасалмайды. Себебі жануарлар операциядан кейін бір апта бойы ветеринарлардың бақылауында болуы керек. Жалпы соңғы екі жылда облыста иесіз иттердің саны артқан.
Ғалым Бейсенов, ветеринария басқармасының бөлім басшысы:
- Жануарларға жауапкершілікпен қарау заңы енгеннен бері бізде соған қажетті нормативтік-құқықтық актілер шыққанша және инфрақұрылымдар салынғанша, уақытша ұстау пунктері салынғанша қаңғыбас иттің саны осы екі жылда асып кетті деп айтуға болады. Көбейгені шын, біз оны үлгермей жатырмыз, 300 орындық бізге аз болып тұр.
Павлодар облысында ветеринарлық клиникалардың саны өте аз. Бірде-бір жекеменшік клиника бюджеттен қаржыландырылатын жалғыз орталықпен әріптестік орнатпаған. Биыл жануарларды уақытша ұстау пунктіне 60 миллионға жуық теңге бөлінді. Бұдан бөлек, екпе жасау мен зарарсыздандыруға 20 миллион теңге қарастырылды.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.