Жыл сайын 50 мың адам қаңғыған иттерден зардап шегеді

Былтыр 10 айда 44 мың отандасымызды ит қауып жарақаттаған, деп хабарлайды 24KZ. Жалпы жыл сайын 50 мыңнан астам адам төрт аяқты жануардан жапа шегеді. Мертіккендермен қатар мерт болғандар да бар.

Иә, қаңғыған иттен қауіп көп. Қоқыс алаңдарын кезіп, қараусыз қалған бұралқы төбеттер де бұқараның басты базынасына айналып отыр. Кейінгі жылдары олардың саны көбейген. 

Бұл бас қаладағы бұралқы иттерді оқшаулау орталығы. Қаңғып жүрген төбеттер осында тоғытылады. Көріп тұрғандарыңыздай, тым көп, санында шек жоқ. Шамамен 3 мыңнан аса ит бар. Күніне ас беріліп, ауырған жағдайда ем-дом көрсетіледі.

Нұрасыл Сансызбеков, Астана қалалық жануарларды аулау орталығының маманы:

- Мұнда күніне 5-6 ит алып келеді күніне. Біз қараймыз, ауру ма, ауру емес пе? Ауру еместерін сыртқа тастаймыз. Тамақпен қамтамасыз етеміз екі мезгіл, азанда, кешке. Иттерді мына жақта шума, энтерит қараймыз, ауру бар ма, жоқ па, сосын мында емдейміз.

Мамандар кейінгі жылдары ит саны тым көбейгенін айтады. Себебі бірер жыл бұрын жануарларды атуға заңмен тыйым салынды. Қазір тек аулап, оқшаулау орталығына жабады.

Жануарды қорғайтын заң бар, ал жапа шеккен жұртты кім қорғайды? Алысты айтпай-ақ, Астананың айналасында-ақ көше кезген иттер көбейген. Тісін ақситып, адамға айбат шегетіндері бар. Мәселен, былтыр Целиноград ауданында 124 адамды ит қапты. Қосшыда 42 адамды төрт аяқты жарақаттады.

Өмірбек Төкенов, Целиноград аудандық ветеринарлық станциясының басшысы:

- Былтырғы жылда Целиноград ауданы бойынша 640 ит ауланды. Ауланды, стерилизация жасалды. Қосшы бойынша 220 ит. Оған жаңағы 11 млн 250 мың теңге ақша бөлініп, толық игерілді.

Жапа шеккен жұрттың денін өз иті қабады екен. Мамандар осылай дейді. Оған екпенің уақытылы салынбауы себеп.

Өмірбек Төкенов, Целиноград аудандық ветеринарлық станциясының басшысы:

- Көбінесе зардап шегетін сол өздерінің ауылдың асырап отырған иттері. Мысалы, жана айтып жатырмыз ғой зардап шеккен деп. Соның ішінде барлығы – өздерінің асырап отырған иттері. Көршісінің иттері, мысалы, қаладан қыдырып келеді, үйіне келеді, балалар ойнап жүріп, байланып тұрған иттердің жанына барады. Сол кезде тістеп алған жағдайлар болған. 

Екпе еккеннен итке ес кіре ме? Депутат Ерболат Сатыбалдин: «Иесіз иттерді өлтіруге рұқсат беру керек», – дейді. Дегенмен оның өзіндік тәртібі болады. Қазір Мәжіліс қабырғасында жануарларды қорғау қарекеті қайта қаралып жатыр.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бұралқы итттер анықталғаннан кейін 15 күннің ішінде эвтаназия жасауға шешім қабылданады. Ал егер қаңғыбас ит болатын болса, оны 60 күн ұстайды. Енді оны қай жерде ұстайды деген мәселе, уақытша ұстау пункттері болады, уақытша ұстау пунктінде бюджеттің қаражатына, одан кейін қаңғыбас иттердің иелері табылған жағдайда оған жасалынған шығындардың барлығы иесінің мойнына артылады. 

Себебі қаңғыған иттерді қарау һәм бағу бюджетке айтарлықтай салмақ. Мәселен, бір итте аулауға 3 мың теңге бөлінеді. Ал бас-аяғы 15 күн бойы оқшаулап, ем жүргізуге 17 мың теңге қажет.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Аружан Серікқызы.