«Ұлттық қор – балаларға»: биыл 320 мыңнан астам азамат қаражатты пайдалана алады
Елде «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 888 млн доллар бөлінді, деп хабарлайды 24kz.
Әр балаға 129 доллардан аударылған. Бұл туралы Қаржы министрлігі хабарлады. Қазір елде 7 млн-ға жуық бала бар. Оның 320 мыңнан астамы биыл 18 жасқа толады. Жиналған қаражатты кәмелет жасқа толғаннан кейін ғана пайдалана алады. Соның ішінде тұрғын үй немесе білім саласына жұмсауы тиіс.
Былтыр елде 300 мыңнан аса бала 18 жасқа толды. Олардың 53 мыңы жинақталған қаржыны пайдаланды. Мәселен тұрғын үй жағдайын жақсартуға 34 мыңнан аса өтінім беріліп, оның 29 мыңнан астамы орындалды. Жасөспірімдерге 2 млн 964 мың доллар төленді. Ал, білім беру бойынша 32 мыңнан аса өтінім жолданған. Оның 23 мыңнан астамы қанағаттандырылып, кәмелет жасқа толғандар 2 млн 352 мың доллар алған. Ал, биыл 324 430 азамат кәмелет жасқа толады.
Дүйсен Әділханов, ҚР ҚМ Департамент директорының орынбасары:
- 2024 жылы бірінші рет 18 жасқа дейінгі ұл-қыздарымызға әрқайсысына 100 доллар 52 центтен ақша бөлінген болатын. Ол кезде былтырғы жылы 652 млн доллар ұлттық қордың орташа инвестициялық табысының 50%-і бөлінген болса, биылғы жылы сол инвестициялық табыстың 50% 888 млн теңгені құрады. Сондықтан биылғы жылы әр балаға 129 доллар 52 центімен бөлінді.
Әлішер Әли, тілші:
- Қаржы шотқа автоматты түрде жылына 1 рет, яғни, жыл басында түседі. Оны бала кәмелет жасқа толғанда ғана ала алады. Ұлттық қордан есепшоттарға аударылатын ақша жыл сайын көбейіп отырады. Бірақ нақты қанша пайызға өсетінін ешкім дәл басып айта алмайды. Өйткені ол қаржы нарығы мен инвестицияланған қаржы құралдарының жағдайына тікелей байланысты.
Бауыржан Ысқақов, экономист:
- Балаларға бірінші кезекте үміт отын сыйлайды. Екіншіден, жалпы ұлттық қордың қаражатының тиімді пайдаланғандығын көруге мүмкіндік береді. Үшіншіден, болашақта балалар өздерінің ең басты мәселесі 18-ге толғаннан кейін, үй мәселесі бола ма, білім мәселесі бола ма?! Соған қажетті өздерінің мәселелерін шешуге мүмкіндік алатындығында.
Егер бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған ақшасын алмаса, ол шотта 10 жыл бойы сақталады. Ал осы мерзімнен кейін де қаржыны пайдаланбаса, қаржы сол азаматтың зейнетақы шотына аударылады. Жасөспірім қайтыс болса, ақша ата-анасына беріледі.
Авторы: Әлішер Әли