Шымкентте 44 500 бала тегін үйірмемен қамтылды
Биыл Шымкентте 44 500 бала тегін шығармашылық және спорттық үйірмелермен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ. Жан басына қаржыландыру жүйесіне жергілікті бюджеттен 8 миллиард 100 миллион теңге қаралған. Алайда «Даму бала» электронды порталы арқылы тағы мыңдаған жасөспірім кезекке тұрып, тегін үйірмеге қатысуға өтініш берген. Мәселе қалай шешіледі?
Ақерке Әбдімәліктің сурет өнеріне деген сүйіспеншілігін анық аңғаруға болады. Бала жастан қылқалам мен майлы бояуды жанына серік етіп, машықтанып жүр. Тәлімгердің көмегімен қиялынан туған әсем көріністерді бейнелеу арқылы болашағын осы саламен байланыстырды.
Ақерке Әбдімәлік, үйірмеге қатысушы:
- Маған сурет салу ұнайды. Мен кішкентай кезімнен сурет саламын. Жақсы үйретеді. Мен бірінші кезде қорқып отыратын едім. Қазір үйреніп қалдым.
Қалада 37 түрлі шығармалық үйірме бюджет есебінен қаржыландырылады. Суреттен бөлек, би өнері, дәстүрлі ән, домбыра мен ораторлық шеберлікті шыңдауға және зергерлік пен тігіншілікке 26 мыңдай бала барады. Бірақ электронды жүйе арқылы тағы 12 мың жасөспірім кезекте тұр.
Алёна Шагеева, кәсіпкер:
- Кезекке қарап жоғары сұранысты байқап отырмыз. Барлығы 12 мың баланың атынан тегін үйірмелерге қатысуға өтініш берілген. Қазір шығармашылық салаларға жастардың қызығушылығы ерекше. Сондықтан тағы да қаржыландыруды көбейту керек деп ойлаймын.
Биыл 20 мың ваучерді тегін үйірмемен қамтуға қазынадан 4 миллиард 200 миллион теңге бөлінді. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 300 миллионға көп. Сала мамандары қалған 6 мың баланы үнемделген қаражат есебінен үйірмеге қатысуға мүмкіндік берген.
Мөлдір Оңдасынова, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы басшысының орынбасары:
- Кейбір балалар өз еріктерімен үйірмелерден шығып кетіп жатады. Қатыспайды. Кейбіреулері, мысалы, басқа бағытқа ауысқысы келеді. Сол кезде орындар босайды. Үнемделіп қалады қаржылар. Қазіргі таңда 12 мың бала кезекте тұрса, сол балаларға мүмкіндік береміз.
Ал спорттың 18 түріне «Даму бала» жүйесі арқылы 3 мың жеткіншік кезекке тұрды. Биыл 18 700 баланы жаттықтыруға 3 млрд 900 миллион теңге бөлінген. Оларға 120 кәсіпкер қызмет көрсетуге тартылып, жаңа спорттық кешендер ашылды.
Ермек Дәрменов, қалалық денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары:
- Бала саны артып жатыр. Былтыр 2 млрд 500 млн теңгедей қаражат бөлінсе, биылдың өзінде бізге қаражат қосып беріп жатыр тағы да. Оның бірден-бір себебі бізде очередте тұрған кәсіпкерлер бар. Біз әлі шалғай аудандардың бәрін қамтығанымыз жоқ, былай айтқанда.
Мәселені шешу үшін барлық аудан аумағынан жаңадан спорт кешендерін салу жоспарланды. Сала мамандарының айтуынша, биыл сметалық құжаттама жасалып, құрылыс та басталады. Кәсіби спортқа бет бұрғандар мен үйірме кезегіндегілер келешекте осындай кешендерге тартылмақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов.