Көкшетауда 2 мыңға жуық тұрғыны бар шағынауданда мектеп жоқ
Көкшетауда 2 мыңға жуық тұрғыны бар «Бейбітшілік» шағынауданында мектеп жоқ, деп хабарлайды 24KZ. Балалар 4-5 шақырым жерде орналасқан білім ошақтарына қатынап жүр. Былтыр «Жайлы мектеп» салынады деп жер телімі бөлінген. Бірақ құрылыс әлі басталмады. Бұған не себеп?
Қала іргесіндегі «Бейбітшілік» шағынауданында тұрғындарды алаңдатқан проблема баршылық. Әсіресе инфрақұрылымға қатысты мәселелер әлі дұрыс шешілмей жатыр. Бұдан бөлек, мұнда мектеп пен балабақша атымен жоқ.
Мая Болатханова, қала тұрғыны:
- Балалар осы жерден 13-ші мектепке, 18-ші мектепке, тіпті өзімнің қызым 8-ші мектепте оқиды. Осы жерден мектептің арақашықтығы 4-5 шақырымды құрайды. Жаздыгүні онша қиындық туындамағанымен, бірақ қыстыгүні, көктем айларында қиыншылық туындап жатыр. Балалардың мектепке барып-келуі өте қиын.
Феруза Қалдыбаева шағынауданда 20 жылға жуық тұрады. Қазір оның 10 немересі мектеп пен балабақшаға барады. Ол осы балғындардың қауіпсіздігіне алаңдайды. «Себебі қыстың күндері қаңғысбас ит көбейіп кетеді», – дейді.
Феруза Қалдыбаева, қала тұрғыны:
- Жолда иттер көп. Жолдар жақсы емес. Балалар қиналады қыста, көктемде. Қазір енді микрорайон үлкейіп жатыр жылдан-жылға. Әрбір үйде бала көп. Менде 10 немерем бар. Мына көршіде 4 бала бар. Көпбалалы отбасы көп.
Былтыр шағынауданда «Жайлы мектеп» салынады дегенде жергілікті халық қуанған. Бірақ ол қуаныш ұзаққа бармады. Өйткені бір жыл ішінде ешқандай жұмыс жүргізілмеген. Құрылыстың тұралап тұрғанын білім басқармасындағылар осылай деп түсіндірді.
Валерий Гамазов, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 2024 жылы Үкімет қаулысына сәйкес «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына өзгерту енгізілді. Салынатын мектептердің тізімі қысқартылды. Енді ұлттық жобаға енбей қалған білім ошақтарының құрылысы өзге инвестициялық бағдарламалар аясында жүзеге асырылмақ. Қазір «Бейбітшілік» шағынауданындағы мектеп құрылысына жер телімі бөлінді. Мақсатты түрде бөлінген жерге басқа ешқандай нысан салынбайды.
Осылайша билік өкілдері де мектептің қашан салынатын дөп басып айта алмай отыр. Ал жергілікті халықтың күтуден басқа амалы жоқ.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкоренка.