Республикалық маңызы бар жолдарда интернет пайда болады
Жол-көлік оқиғаларын азайту үшін цифрлық шешімдер мен нақты алгоритмдер керек. Үкімет отырысында Премьер-министр осылай деді. Олжас Бектенов ауа райының қолайсыздығы және жол апаттары туралы ескертетін әдістер тиімсіз деп сынады. Осы орайда Премьер-министр қауіпті учаскелердің алдына электронды таблолар қоюды тапсырды.
2027 жылға қарай республикалық маңызы бар барлық жолда интернет болады. Ол үшін 243 қосымша антенна-діңгек орнатылмақ. Бұл туралы Үкімет отырысында цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді. Оның айтуынша, 2024 жылы автожолдарды зерттеу аяқталды. Онда дыбыс деңгейін өлшеу және интернетсіз учаскелерді анықтады. Олардың нәтижесінде қосымша антенналар орнатылатын нүктелер анықталды. 104 станция құрлысы бойынша сараптаманың оң қорытындысы алынды. Премьер-министр осы бағыттта отандық ІТ компанияларды тартуға шақырды.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Жасанды интеллектінің қазірдің өзінде салаларға еніп жатқанын атап өткім келеді. Мысалы, жасанды интеллект көмегімен автожолдарды диагностикалау бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр. Жаңағы айтып отырғандай, Smart Daba Diagnostik System жүйесі арқылы автожолдардың тегістілігі мен табандылығына 2024 жылы 15 мың км жол диагностикаланды.
Жол инфрақұрылымын басқару үшін «E-Joldar» цифрлық платформасы әзірленеді
Қазақстанда жол инфрақұрылымын басқару үшін «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы әзірленеді. Платформаның негізгі қызметінің бірі – жол саласын дамытуда ашықтықты қамтамасыз ету. Министрдің айтуынша, платформаны енгізу 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына жоспарланған, бұл жол қызметтерінің сапасын едәуір арттыруға және инфрақұрылыммен байланысты мәселелерді шешуді жеделдетуге мүмкіндік береді.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес автожол саласындағы қолданыстағы цифрлық жүйелер негізінде «E-Joldar» бірыңғай цифрлық платформасы құрылып, олар интеграцияланады. Платформа автомобиль жолдары бойынша ақпаратты жинау мен есепке алу жүйесін қамтиды және жол саласын дамыту үдерістерінің ашықтығын, жол активтерін сенімді түрде бақылау мен тиімді басқаруды қамтамасыз етеді.
Биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жоспарланған, оның ішінде 9500 шақырымы қаржыландырылды, қалғанына қатысты құжаттар дайындалып, қаржыландыру мәселесі пысықталыды.
Айта кетейік, жол жөндеу жұмыстарында отандық мердігерлерге басымдылық беріледі.