Жол құрылысы ережесін бұзу деректері 16% азайды

Былтыр мердігерлер сапасыз жолдар үшін 4 млрд теңгенің құрылыс жұмыстарын өз қаражатына қайта салды.

Ұлттық сапа орталығы 47 мыңға жуық жол-құрылыс материалының сынамасын зертханалық тексеруге алып, олардың 9 мыңнан астамын кері қайтарды. Жалпы 22 мың шақырым жолға аспаптық тексерулер мен диагностика жүргізілді. Мекеме басшысы ереже бұзу деректері алдыңғы жылмен салыстырғанда 16%-ға азайғанын жеткізді.

Болатбек Айтбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Бас директоры:

- Техникалық қадағалау жұмысына тұрақты бақылау жүргізілуде. 2024 жылы 251 бұзушылық анықталып, оның нәтижесінде Сәулет басқармаларымен 19 инженердің аттестаты тоқтатылды. Орташа жөндеу жобаларында құжаттар тиісті деңгейде жүргізілмейді. Аталған мәселені шешу үшін «Орындаушылық құжаттаманы бақылау» жүйесін енгізудеміз. Ағымдағы жылы жүйені Қарағанды, Ақмола облыстары мен Астана қаласында пилоттық енгізу жоспарланған.

Жол құрылысы технологиясын сақтамау, мерзімдерін кешіктіру. Әкімдер бұл мәселелерді бақылауға алуға тиіс, - деді Үкімет басшысы. Былтыр тұрғындар жолдардың сапасына қатысты 40 мыңнан астам арыз-шағым түсірген. Облыстық және аудандық жолдарды күрделі жөндеуге қомақты қаражат бөлінуде. Алайда кейбір өңірде жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі   жеткіліксіз болып отыр.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында инфрақұрылымды дамыту ісін жаңа деңгейге көтеру, оның ішінде көлік-логистика саласына баса мән беру қажеттігін айтты. Өткен жылдың қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер бар, бірақ қарқынды арттыра түсу қажет. Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі позициясын нығайтуға бағытталған жаңа жобаларды дайындауға кірісу керек. Жергілікті жолдарға да баса мән беру керек. 

Олжас Бектенов жол-көлік оқиғаларының жиілеу мәселесіне де назар аударды. Жуырда «Астана – Щучинск», «Астана – Қарағанды» бағыттарында осындай жаппай апат орын алды. Жүргізушілерді ескерту жөніндегі қолданыстағы әдістер тиімсіз. Қауіпті учаскелердің алдында электронды табло орнату қажет. Көлік ағынын басқаруда заманауи IT-технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу тапсырылды.

2027 жылы автожолдар 100% интернетпен қамтылады

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Инфрақұрылым бөлігінде автомобиль жолдарын интернетпен қамту жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылы көшпелі тексеру, дыбыс деңгейін өлшеу және Интернетсіз учаскелерді анықтау арқылы автожолдарды егжей-тегжейлі талдау аяқталды. Нәтижесінде I кезеңде республикалық жолдар бойында 243 антенна-діңгек құрылыстары орнатылатын болады.

Биыл республика бойынша 13 мың шақырым жол жөнделеді. Оны ішінде құрылысы бұған дейін басталған учаскелерде жұмыстар жалғасады. Сонымен қатар жаңа жобалар бар, ол «Ақтөбе – Ұлғайсын» , «Қарағанды – Жезқазған» , «Атырау – Доссор», «Сарыағаш қаласының айналма жолы» және басқалары. Көлік министрі жол салу ісінде отандық мердігерлерге қолдау артатынын жеткізді.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Яғни жобаның орындаушысын анықтау барысында қазақстандық немесе қазақстаннның шетелдік компаниялармен бірлескен консорциумдарына басымдылық берілетін болады. Бұл отандық компаниялардың одан әрі тұрақты дамуына ықпалын тигізеді. Осы сұрақ Халықаралық қаржы институттарымен толығымен келісілді.

Ақылы жолдардан түсетін пайда бюджет қаржысын үнемдеуге көмек. Биыл 4 мың шақырым учаскеге тариф енгізіледі. Одан 60 млрд теңге түсім алу көзделіп отыр. Қазір 3 мың 200 шақырым жол ақылы. Былтыр олардың есебінен қазына 48 млрд. теңгеге толықты.

Рухани Әбдірахман