Биыл тозығы жеткен 226 жолаушылар вагоны жаңартылады

Теміржол машина жасау саласында алдағы екі жылда 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылады, деп хабарлайды 24KZ. Ол үшін 12 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Атап айтқанда, жаңа жүк вагондары мен локомотивтер өндірісі, жаңа теміржолдар мен станциялардың құрылысы жоспарланған. Сонымен ескі вагондар мәселесі қашан шешіледі?

Қазақстанда қазір 2,5 мыңнан астам жолушы вагоны болса, соның мыңға жуығы ескі. Тозығы жеткен теміржол көліктері қанша қолайсыз болса да, күнделікті мыңдаған адамды тасымалдап жүр. Мәселен, былтыр теміржол арқылы 21 миллион жолаушы мен 430 миллион тонна жүк тасымалданды. Көлік министрі қыста суық, жазда ыстық қысатын, желдеткіші жоқ вагондар қашан жаңаратынын айтты.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

- Жолаушылар вагондарын жаңарту бір күндік жұмыс емес. Біз бұл мәселені біртіндеп реттеп келеміз. Бүгінде жолаушылар вагоны паркінде 2672 техника болса, соның 948-і – ескі вагон. Олардың қолданысқа енгеніне 28-30 жыл болған. Егер ескі вагондарды қолданыстан шығарсақ, онда пойыздарға билет тапшылығы болады. Сондықтан оларды әлі де пайдалануға мәжбүрміз. Бұл мәселені реттеу үшін біз 2023 жылдан бастап Қазақстан теміржолына жаңа вагондармен қамтамасыз етуге кірістік. Атап айтқанда, 2023 жылы 118, былтыр 143 вагон жеткізілді. Ал биыл 226 вагон жаңартылады деп жоспарланған.

Соңғы 10 жылда Қазақстанда 600-ге жуық вагон жаңартылды. Соның ішінде елімізде шығарылған вагондар пайдалануға берілген. Ел алдында Еуразияның негізгі көлік хабына айналу міндеті тұр. Бұл мақсатқа жету үшін теміржол инфрақұрылымын дамыту және отандық өндірісті қолдау маңызды. 2024 жылы сала үлкен жетістіктерге жетті. Қазақстандық темір жол машиналарының өндірісінде рекордтық көрсеткіштер тіркелді.

Төреәділ Әбдірахманов, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі басқармасының басшысы:

- Теміржол жасау секторы машина жасау саласындағы жалпы 13%-ті алады. Өнідіріс көлемі 2024 жылдың қорытындысы бойынша 600 млрд-қа жуық болды. Оның ішінде 60-қа жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 8 мыңға жуық адам еңбек етеді.

Осы жылы Атырау облысында жүк вагондары шығарыла бастады. Оған 20 миллиард теңге инвестиция тартылды. Ал Жамбыл облысында локомотивтерге сервистік қызмет көрсететін зауыт іске қосылады. Бұдан бөлек, 2028 жылға қарай Қазақстанда жаңа буындағы жүк электровоздары пайда болады. Оларды өндіру 40%-ке арзанырақ және қолданыстағы үлгілерге қарағанда 20%-ке тиімдірек болады. Осылайша теміржол саласында отандық өнідірісті арттырып, жолаушыларға қызмет сапасын көтеру көзделген.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Арман Ақшабаев.