Қазақстандықтар балықты қажетті мөлшерден 4 есе аз тұтынады
Қазақстандықтар балықты аз жейді және оның өнімдерін де аз тұтынады. Бұл Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі. Сарапшылардың пайымынша, бір адам жылына кемі 16 келі балық жеу керек, бізде бұл көрсеткіш 4 есе төмен. Көрші елдермен салтырғанда 5-10 есе аз тұтынады екенбіз.
Дегенмен Үкімет те, шаруашылықтар қарап отырған жоқ. Мәселен, елдің шығысында балық өсіретін кәсіпкерлер көбейген. Ендеше халық бұл пайдалы өнімді неге аз тұтынады?
Балықтың пайдасын білмейтін адам кемде-кем. Жеңсік астың құрамы минералдар мен дәрумендерге бай. Дәрігер Назерке Нұрмұхамбетова алдына келген ересектерге де, балаларға да бұл өнімді барынша жиі тұтынуға кеңес береді. «Оның денсаулыққа тигізер оң әсері орасан, ал сыр мен сымбатты сақтаудағы орны тіпті бөлек», – дейді ол.
Назерке Нұрмұхамбетова, дәрігер-терапевт:
- Сорпасын ішсеңіздер, сіздерге ол коллаген қызметін атқарады Терінің жұқа, жылтырап тұруы үшін әртүрлі әжімдердің болмауы үшін, тырнақ, шаштардың түпсеуі және де балық ішінде витамен мен минералдар бар. Қандай витаминдер десеңіз, ол: Д3, витамин А, В12.
Терапевт тізбелеп өткендей, балықтың адам ағзасына екені анық. Оны тұрғындар да жақсы біледі. Бірақ бағасы шарықтап тұрған соң амалсыз бас тартатыны рас.
Сауалнама:
- Балықты көп алмаймын, аз қолданамын.
- Негізі баға өсіп жатыр, баға қымбаттау болып тұр. Қарапайым халыққа енді қиындау.
- Біз енді жиі жеуге тырысамыз, бірақ та бағасы қымбаттау. Қызыл балықты да жеуге тырысамыз. Форель, семга.
Қызыл балықты өсіру үшін қыруар қаржы әрі ұзақ уақыт керек. Өлкеде осы кәсіпті дөңгелетіп жүргендердің бірі Вячеслав Асанов осылай дейді. Уылдырықты да, жемді де шетелден алады.
Вячеслав Асанов, балық шаруашылығының жетекшісі:
- Қызыл балық қазір көп болғанымен, бәрібір халық ала бермейді, қымбатсынады. Дегенмен байқап қарасақ,оның құны етпен бірдей. Әрине, дүкен иелері үстіне баға қосып, үстемелеп сататын шығар. Бірақ бізде бір келісі 3500 теңге. Бізге мемлекетік қолдау көрсетіледі, субсидия аламыз. Сондықтан балықтың бағасын өсірмеуге тырысамыз.
Балықтың қарапайым ас мәзірі қатарына енуі де, бағасының қолжетімді болуы да оны өсіру процесіне байланысты. Міне, мына мен тұрған цехта уылдырықтан бастап өсіріледі. Шабаққа айналған соң мына бассейндерге жіберіледі. Тек аман-есен шыққандары 3-4 келіге жетеді. Осының бәріне 3 жылдай уақыт керек.
Шетелден әкелінетін шабақтар мен балықтың жемі үшін мемлекет субсидияны аяп жатқан жоқ. 2023 жылы 200 миллион теңге бөлсе, былтыр бұл көрсеткіш 2 есе артты.
Мерхат Әміров, ШҚО табиғи ресурстар және табиғатты реттеу басқармасы басшысының орынбасары:
- Себебі шетелден енгізіледі, сондықтан бұл жем қымбат болып есептеледі, соған субсидия көп бөлінеді және, екіншіден, балық шабақтары көбіне шетелден әкелінеді. Әйтпесе шығындар көп болған сайын оның бағасы да қымбаттай береді ғой.
Болашақта қызыл балыққа қажетті жем өз елімізде өндірілуі де мүмкін. Ал бұл балық бағасының әлі де арзандап, тұтынушылар қатарын арттыруы ықтимал.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.