Көкөніс бағасын қымбаттатқан 103 кәсіпкер жауапқа тартылды
Елде көкөніс бағасын негізсіз өсіріп, қолдан қымбатшылық жасаған 103 кәсіпкер жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды 24KZ. Жыл басынан бері өңірлерде сауда үстемесін 15%-тен асырмау бойынша мониторингтік шаралар жүргізіліп, анықталған фактілер бойынша тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.
Сондай-ақ ішкі нарықтағы жағдай қалыпқа келгенге дейін 6 ай көлемінде картопты Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерге шығаруға шектеу енгізілді. Бағаның маусымдық өсуін тежеу шеңберінде алдын ала қалыптасқан қорлардан алынған көкөністер нарыққа жіберілді. Маусымаралық кезеңде мұндай қорлардың жалпы көлемі 139,4 мың тонна көкөністі құрап отыр.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің ресми өкілі:
- Әр өңірде комиссиялар жұмыс істеді. Бұл әлеуметтік маңызы бар тауарларға делдалдық схемаларды анықтауға бағытталған. Өңірлік комиссияның 20-дан астам отырысы өтті. Соның негізінде 103 кәсіпкерге картоптың үстемесін 15%-ке арттырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарттық.