Қазақстан Грузия нарығына 35 тауар түрін жеткізбек
Қазақстан Грузия нарығына отандық тауардың 35 түрін жеткізуді жоспарлап жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Өнімдердің құны 66 млн доллардан асады. Бұл тізімге мұнай-химия, металлургия, тамақ өнеркәсібі, химия, машина жасау салалары кіреді.
Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов Астанаға ресми сапармен келген Грузия премьер-министрі Ираклий Кобахидземен кездесіп, сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Көлік-логистика, мұнай, цифрлық технологиялар, ауыл шаруашылығы және туризм саласындағы ынтымақтастық жайы қаралды. Олжас Бектенов түрлі деңгейдегі белсенді диалог екіжақты тауар айналымын одан әрі әртараптандыруға және кеңейтуге ықпал ететінін жеткізді. Бүгінде Қазақстан-Грузия қарым-қатынасы барлық бағыт бойынша қарқынды дамып келеді.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Былтыр Транскаспий халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау көлемі 62%-ке өсіп, 4,5 млн тоннаны құрады. Бағыттың әлеуетін арттыру, сондай-ақ инфрақұрылымды, порт және терминалдық қуатты жақсарту, жылжымалы құрамды ұлғайту, әкімшілік кедергілерді жою және тасымалдаушылар үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қазақстан Үкіметі барлық бағыт бойынша Қазақстан-Грузия әріптестігінің серпінді дамуын қамтамасыз ету үшін жан-жақты жұмысты жалғастыруға ниетті.
Поти портында қазақстандық терминал іске қосылады
Екі ел арасындағы серіктестікке серпін беруге Грузия да бейіл. Ираклий Кобахидзе Астанаға ресми сапарын экономикалық және мәдени өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған алғашқы әрі маңызды қадам деп бағалады. Тараптар Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін ашуға баса назар аударды. Қабылданған шаралар орта дәліздің өткізу қабілетін 2027 жылға қарай жылына 10 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр. Сонымен қатар бәсекеге қабілетті тарифтік шарттарды белгілеу, жеткізу мерзімдерін қысқарту және бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемін ұлғайту бойынша жұмыстарды жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді. Ауыл шаруашылығындағы уағдаластықтар тағы бір пысықталды.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Былтыр Транскаспийлік көлік дәлізінің шеңберінде Грузия тарапы Поти деп аталатын портын дамытып жатыр. Сол жақта Қазақстан өз терминалын қабылдайтын болып шешім қабылдаған. Алдағы сәуір айында осы терминалды толығымен іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл, әрине, біздің көліктік әлеуетті одан әрі дамытады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
- Бидайды экспортқа бастадық сол жаққа, сиыр етін экспортқа бастадық. 24 жылдың қорытындысы бойынша 71 млн-ға экспорт жасалды. Соның ішінде бидай мен етті сол жаққа экспорттауға жалғастырып жатырмыз. Әрімен қарай бұл жұмыс жалғасады.