Атырауда «Көктем-25» республикалық оқу-жаттығу шарасы өтті
Атырау облысында «Көктем-25» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтті, деп хабарлайды 24KZ. Оған авариялық-құтқару құрылымдары, облыстық азаматтық қорғау қызметтері, Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімдері қатысты.
Жаттығу барысында адамдары құтқару шаралары пысықталды. Сондай-ақ өңірдегі 204 эвакуациялық бекеттің дайындығы тексерілді. Былтырғы тасқын кезінде Атырау облысы айтарлықтай зардап шекті. Осындай жағдай қайталанбас үшін жергілікті билік тасқынға қарсы дайындықты ерте бастады. Қазір 1500-дей адам күші, 244 арнайы техника және тік ұшақтар төтенше жағдайға дайын. Сондай-ақ облыста су басу қаупі бар 51 елді мекен бақылауға алынып, 12 учаскеге аусымдық гидробекет орнатылған.
Қайрат Нұртаев, облыс әкімінің орынбасары:
- Жайыққа келетін судың негізгі бөлігін теңізге жіберу мақсатында «Гогольский» каналында қазу жұмыстары жүріп жатыр. Бұдан басқа былтыр 590 шақырымға жуық бал соғылған болатын. Биыл балдардың кеткен жерлерін нығайту мәселелері және де бекітілмей қалған жерлері бар, былтырғы тәжірибе көрсеткендей, сол жерлерде, қазір барлық ауданда жұмыстар жүріп жатыр.
Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар министрінің орынбасары:
- Қазір бүкіл республикада біздің группировкалар дайын. 30 мыңнан астам адам, 2 мыңдай техника, тағы да арнайы техника, тікұшақтарымыз – бәрі өзіміздің алгоритміміз мемлекеттік органдармен, басшылықпен бекітілген. Әрбір облыста өзінің уақыты бар. Су тасқыны болатын кезде, сол кезде өзіміз ертерек, 10 күн бұрын группировкаларымызды жіберіп, дайын боламыз.