Еуропа өзінің дереккөздерін ғарышта сақтайды
Қазір ақпарат заманында өмір сүріп жатырмыз.
Технологияның көз іліспес қарқынмен дамығаны соншалық, күнде түрлі дереккөзден сан қилы ақпарат аламыз.
Әлем елдерінде ірі дата орталықтар салынады
Жасанды интеллектінің игілігін көру үшін әлем елдері қыруар қаражатын жұмсап жатыр. Ұлыбританияда Еуропадағы ең ірі дата орталық ашылмақ. Ал Үндістанның ең бай адамы қалтасынан 30 миллиард доллар бөлуге ниетті. Чат Джи Пи Ти-дің атасы Опен Ай жапондық және араб елдерінің алпауыт технологиялық компанияларымен бірігіп АҚШ-тағы дата орталықтардың құрылыс жобасын 500 миллиард долларға дейін қаржыландырмақ.
Бенжамин Ли, Пенсильвания университетінің инженерлік және технологиялар факультетінің профессоры:
- Жасанды интеллектінің қазіргі өсу қарқыны таңқаларлық. Ол қуатты технологиялармен қамтамасыз етілген. Есептеу күші, деректерді жинау және талдау қабілеті адам сенгісіз нәтижелерді көрсетіп келеді. Медицина, қаржы саласы болсын кез келген сала жасанды интеллекттің жемісін көріп отыр деп айтсам қателеспеймін. Бұл қарқынмен ол тек дами береді. Оны тоқтату мүмкін емес. Басқару маңызды.
Дата орталықтар не үшін қажет?
Технология дамып, интернеттің мүмкіндігі артқан сайын, дамыған елдерде ақпарат қорын сала бойынша бір орталыққа жинау ісі қолға алынды. Мұндай орталықтарда: ТикТоктан көрген бір мысықтың видеосынан бастап, маңызды құжаттарға дейін сақталады. Мәселен, әлем бойынша осындай 10 мыңнан астам орталық жұмыс істейді. Оның тең жартысы АҚШ-қа тиесілі. Жалпы адамзат тарихындағы ең алғашқы дата орталықтары соғыс жылдарында бомбаның ұшуын есептеу, ядролық қарудың кодтарын сақтау және ауа-райын болжау үшін қолданылған. Салыстырмалы түрде айталық: Сол кездегі компьютер минутына 3 мың операцияны орындаса, қазір қолымыздағы смартфон секундына 11 триллион функцияны орындауға қабілетті.
АҚШ - 5388
Германия - 522
Ұлыбритания - 517
Қытай - 449
Канада - 336
Франция - 315
Австралия - 306
Нидерланд - 300
Ресей - 255
Жапония – 219
Ескі мен жаңаның арасындағы айырмашылықты осыдан-ақ көруге болады. Ал келешекте не күтіп тұр? Ақпаратқа кім иелік етсе, сол әлемді билейді деген түсінік бар. Бұл әлемдегі халықаралық қуатқа ие елдер арасында ақпараттық соғыстың бейресми түрде басталғанын білдіреді. Мәселен, қазір Қытай аумағында Google, Facebook, Twitter, Youtube, Amazon секілді америкалық платформаларды қолдануға тыйым салынған. Бұл Қытай үкіметінің өз азаматтарының жеке ақпаратын өзге біреулердің бақылауға алып, иемденіп кетпеуі үшін жасап отырғаны. Себебі ақпарат қорын үкіметке қарсы пайдалануы әбден мүмкін деп қорқады.
Еуропа дерек көздерін ғарышта сақтайды
2036 жылға қарай Еуропа дата орталықтарын ғарышқа жібермек. Бұл біріншіден энергияны үнемдейді. Екіншіден, экологиялық таза және қауіпсіз. Мамандар осылай дейді. Өйткені мұндай инфрақұрылым көп энергияны қажет етеді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің бағалауы бойынша 2026 жылға қарай мұндай орталықтар жылына 1000 тераватт сағатты тұтынатын болады. Өйткені жасанды интеллекттің дамуымен сұраныс артып келеді. Келешекте электр энергиясы тапшылығынан бұл нысандар дұрыс істемей қалуы мүмкін деген қауіп бар.
ЦИТАТА:
Біз жердегі дата орталықтарына қарағанда техникалық тұрғыдан мүмкін, қаржылық жағынан тиімді және қоршаған ортаға әсері аз шешім таптық. Мұндай орталықтар - ауқымды ақпаратты өңдеуге, мұрағаттауға және таратуға арналған. Онда серверлік, желілік жабдықты сақтайтын физикалық нысандар бар. Сондықтан ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды.
Дамиен Дюместер, Thales Alenia Space тобының зерттеуші жетекшісі