Газаның солтүстігіндегі үйлердің көбі үйіндіге айналды

Израиль әскері мен ХАМАС ұйымы бейбіт бітімге келгеннен кейін Газа секторының солтүстігіндегі атыс-шабыстан қашқан палестиналықтар үйлеріне қайта оралып жатыр. Бірақ үй дейтін бүтін баспана жоқтын қасы. Көбінің үйінің орнында тек үйінді ғана қалған. Бірақ соның өзінде тұрғындар туған жеріне оралып, жақындарымен қауышқанына мәз.

Бұл үйлеріне оралып жатқан палестиналықтар. 1,5 жылдай бұрын олар атыс-шабыстан қашып, Газа секторының солтүстігінен басқа өңірлерге кетуге мәжбүр болған. Үйлерін тастап кеткендер саны бір миллионға жуықтайды. Ал кейбіреулері денсаулығына байланысты не басқа да себептермен кете алмай, осында қалып қойған. Енді бір-бірімен қайта қауышып жатқан палестиналықтардың қуанышында шек жоқ.

Сауалнама:

- Қызым мен немеремді қатты сағындым. Кеше келе ме деп едік. Әскерилер рұқсат бермей, енді бүгін келді. Таңертеңнен бері осында күтумен жүрдім. Күн ыстық. Бірақ мен үшін ол түк те емес. Балаларымды көргенімде шаршағаным бірден басылды. Үйіміз атыс-шабыстан жермен-жексен болды. Ештеңе етпес, керек болса, шатырдың астында тұрамыз.

- Қуанышымды сөзбен жеткізе алмаймын. Әзірге бір өзім ғана оралдым. Артынша отбасым келеді. Бірақ қайда тұратынымыз белгісіз. Үйсіз қалдық.

Бұл палестиналықтар секілді баспанасыз қалғандар өте көп. Қарулы қақтығыстан тұрғын үйлердің 92%-і қирап қалған. Енді солтүстік аймаққа қайтқандар амалсыз шатырдың астында тұруға мәжбүр. Израиль әскері бертінде ғана өңірге өтуге рұсқат еткендіктен, көмектің жеткізілу жағы әлі ретке келтірілмеген. Аймақтағы гуманитарлық ахуалдың күрделі екенін халықаралық ұйымдар да жасырмайды.      

Глория Лазич, БҰҰ гуманитарлық сұрақтар жөніндегі үйлестіру басқармасының өкілі:

- Мен дәл қазір Джебалия лагерінде тұрмын. Кейінгі 3 айда Израиль әскері мұнда атыс-шабысты үдете түскен. Сондықтан бұл жерге келе алмадық. Жағдайдың қаншалықты қиын екенін енді ғана көріп тұрмыз. Бұл жерде қамалып қалған тұрғындарға көмек көрсете алмадық. Жолда келе жатып, бүтін бір ғимаратты көрмедім.

Баспананың жоқтығынан бөлек, қазір өңірде таза ауызсу тапшы. Өйткені құдықтың көбі бүлінген. Демек түрлі аурулардың таралу қаупі жоғары. Ол аздай, қауіпсіздік мәселесі тағы бар. Мамандар жарылмай қалған снарядтар көп екенін айтады. Бірақ олардың ескертулеріне қарамастан мыңдаған палестиналық туған жеріне қайтуға асық. Бірнеше күнде мұнда 200 мыңнан аса адам оралған. 

Авторлары: Жулдыз Атагельдиева, Әсел Абдыхалыкова.