Жасанды интеллект бірқатар мамандықты ығыстырады
Ауылдан қалаға қашып жатқан жұрт бізде ғана емес. Әлем халқының 56%-і қалада тұрады. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш 70%-ке артуы мүмкін. Сөйтіп, қала тұрғындарының саны алдағы 25 жылда 6,3 миллиардқа жетеді. Бұл Біріккен Ұлттар Ұйымының болжамы. Қалаға көшкендер, әрине, жайлы жұмыс іздейді. Алайда кейінгі жылдары еңбек нарығы технологиялық және экономикалық трансформацияларға байланысты өзгеріс кезеңінен өтіп жатыр.
Көшкен ел жұмыссыз қалмайды
Алдағы алты жылда 92 миллион жұмыс орны қысқарады. Бірақ бұл адам баласы жұмыссыз қалады деген сөз емес. Есесіне 170 миллион жаңа мамандық пайда болады. Бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі. Ұйым сарапшыларының болжамына сүйенсек, ауыл шаруашылығы саласының жұмысшылары, жүргізуші-жеткізушілер, құрылысшылар, сатушылар және тамақ өнеркәсібі саласының жұмысшылары саны көбейе түседі. Сондай-ақ мейірбике, әлеуметтік қызметкерлер мен кеңесшілер, жеке күтім бойынша көмекшілер, жоғары және орта білім беретін мұғалімдер саны көбейеді.
Ауылшаруашылық саласы + 35 млн жұмыс орны
Жеткізу қызметі мен логистика + 9,8 млн жұмыс орны
Қолданба әзірлеу + 6,7 млн жұмыс орны
Дереккөз: World Economic Forum
Сөйте тұра, жаңа айттық 92 миллион жұмыс орны босайды. Соның ішінде пошта және кеңсе қызметкерлері, банк кассирлеріне сұраныс төмендейді.
Пошта қызметкерлері - 34%
Банк кассирлері - 31%
Кеңсе қызметкерлері - 26%
Дереккөз: World Economic Forum
Жасанды интеллект біраз мамандықтың орнын басады
Жасанды интеллект бірқатар мамандықты ығыстыруы ықтимал. 2030 жылға қарай автоматтандыруға байланысты 85 миллион жұмыс орны жойылуы мүмкін деген болжам бар. Бірақ оның орнына 97 миллионға жуық жаңа жұмыс орны пайда болады. Әрине, адамның орнын ақылды технология бірден тартып ала қоймас. Бұл орайда технологияның тілін білген білікті маманға сұраныс арта түспек. Соның ішінде үлкен мәліметтер бойынша маман, қаржы технологиясы бойынша инженер, жасанды интеллект және машиналық оқыту маманы, бағдарламалық әзірлеушілер мен қосымша жасаушылар секілді технологиялық мамандарға сұраныс қазірдің өзінде артып келеді.
Үлкен деректер бойынша маман + 113%
Fintech бойынша инженер + 93%
ЖИ және машиналық оқыту + 82%
Дереккөз: World Economic Forum
«Жасанды интеллект және жылдам технологиялық өзгерістер, бұрын-соңды болмаған мүмкіндіктер мен елеулі тәуекелдерге әкеліп, еңбек нарығын айтарлықтай өзгертеді. Қазір бизнес пен үкіметтердің бірлесіп жұмыс істейтін, дағдыларға инвестиция салатын және әділ және тұрақты жаһандық жұмыс күшін құратын уақыты келді» — Тилл Леопольд, Дүниежүзілік экономикалық форумның еңбек нарығы бөлімінің жетекшісі.
«Бұл ретте жер шарындағы жұмысшылардың 60%-не алдағы бес жылда қайта біліктілік алу не қазіргі біліктілігін арттыру қажет», – дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде цифрлық дағдылар, мәліметтерді талдау және жобаларды басқару бойынша курстар барлық деңгейдегі жұмысшылар арасындағы ең қажетті оқу курстарының тізіміне кіреді.
Еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатыр
Автоматтандыру, жасанды интеллектіні енгізу, цифрлық платформаларды дамыту мен қашықтан жұмыс істеу – мұның бәрі жұмыспен қамту туралы дәстүрлі таным-түсінікке еніп жатқан жаңа ұғымдар. Дүниежүзілік экономикалық форумның мәліметіне сүйенсек, 2027 жылға қарай жұмыс орындарының шамамен 23%-і жаңа технологиялардың ықпалымен өзгерістерге ұшырайды. Мәселен, автоматтандыруды енгізу McKinsey бағалауы бойынша жұмыс орнында орындалатын міндеттердің 45%-ін қамтуы мүмкін. Бұл кассир, call-орталық операторы және төмен біліктілікті қажет ететін өндірістік жұмысшылар сынды бірқатар кәсіп түрлерінің жойылуына әкеледі. Дегенмен жасанды интеллект және робот техникасы саласындағы шешімдерді әзірлеу бойынша жаңа жұмыс орындары пайда болады.
LinkedIn сарапшылары болашақта жұмыс берушілердің 92%-і креативтілік, ортаға тез бейімделу қабілеті сынды жұмсақ дағдыларға мән береді деп есептейді. Көптеген міндеттер автоматтандырылып жатқан уақытта қызметкерлердің бәсекеге қабілеттілігін негізінен адами қасиеттер айқындайтын болады.