Үндістанда жол ережесін ешкім сақтамайды

Әлемде жыл сайын 1 миллион 300 мыңдай адам жол апатынан көз жұмады. Қайғылы жағдайлардың көбі АҚШ, Үндістан және Қытайда болады.

Жол апатына себеп көп. Күннің қолайсыздығы, жолдың жайсыздығы, адами фактор, басқа да жағдайлар бар. Дегенмен жолда тәртіпке бағынған жөн. Бірақ көп апаттың салдары осы ережеге бағынбаудың салдары. 

Үндістанда жол ережесін ешкім сақтамайды

Үндістанда жүргізушілер де, жаяу жүргіншілер де жол ережесін сақтамайды. Көлікті қалай жүргізгісі келсе, солай оңды-солды жүре береді. Нағыз хаос дерсіз. Оған үнді жұртының еті үйренген. Жол ережесі түгіл, бағдаршамдарды да елемейді. Олардың өз ережесі бар. Жергілікті жүргізушілер бір-бірін тек сигнал беру арқылы түсініседі. Жолдағы қозғалыс солай реттеледі. Егер оң жақтағы жүргізуші сигнал берсе, бұл оның тек бар екенін білдіргені. Өткізіп жіберу не жол беруді өтінуі емес. Ал кімде-кім қиылысқа бірінші боп жетсе, оны басқа көліктер басып оза алмайды. Бір қызығы, Үндістан жолдарында біздегідей агрессия жоқ. Мұнда жаяу адамға сигнал беруі мүмкін, бірақ жолдан бірінші өткізеді. Тіпті қол бұлғап, күлімдеп, ақ жол тілеп жатады.

 

Мысырда бағдаршамға бағынатындар аз 

Үндістанға мысырлықтар барса, қинала қоймас. Өйткені Мысырда да жұрт бір-бірін дыбыстық сигналдар арқылы түсініседі. Әр жүргізуші түрлі себеппен міндетті түрде сигнал береді. Бұл ешкім оны басып озуға немесе оның алдында тұруға тырыспауы үшін керек. Бұл елде де жаяу жүргіншілер, жеңіл көліктер, автобустар, жүк көліктері, тіпті есектер мен ат арбалары бағдаршамға назар аудармай, өз бағытымен жүре береді. Үлкен көліктер жеңіл көліктердің алдында жүруге құқылы. Бірақ мұнда көліктен гөрі жаяу жүргінші көп. Олар көшені қай тұсынан кесіп өтем десе де, өз еркі. Оған ешкім ашуланбайды.  

 

Бағдаршамы жоқ ел    

Әлемде бағдаршамы жоқ жалғыз ел – Бутан. Бұл елдің тұрғындары бағдаршам қондырса, бағытынан жаңылып қалады. Осы себепті билік 1995 жылы бағдаршам қондыру идеясын жүзеге асыра алмаған. Әрі бұл ел тауда тұрғандықтан, бағдаршам орнату тиімсіз. Алайда ел астанасы Тхимпхуде жол қозғалысын полиция реттеп, қатаң бақылайды. 

 

АҚШ-та жол апатына жасөспірімдер жиі ұшырайды

Ал әлемде бағдаршамы көп ел – АҚШ. Соған қарамастан бұл ел жол апаты бойынша рейтингте бірінші тұр. Былтыр 19 миллион 49 мың жол-көлік оқиғасы тіркелген. Өткен жылдың 9 айында 29 мыңнан астам адам көз жұмды. Жолдағы келеңсіз оқиғаға көптеген фактор әсер етеді. Ең негізгілері: көлік тізгіндеп отырып, телефонмен сөйлесу, хат жазысу, тамақ ішу, көлікті мас күйінде айдау. Ресми дерек бойынша былтыр ішімдік ішіп көлік айдаған 37 адам көз жұмды. Жас ерекшеліктеріне келер болсақ, жол апатына көбіне жасөспірімдер ұшырайды. Teen Driver Source мәліметі бойынша 2022 жылы 15 пен 20 жас аралығындағы 2034 жүргізуші жол апатынан көз жұмған.

Жалпы біздің елде жүргізуші куәлігі 18 жастан бастап берілсе, АҚШ-та 16 жастан. Кей штаттарда тіпті 14 жастан беріледі.