Әлемде жабайы аңдардың саудасы қызып тұр
АҚШ миллиардтаған жануардың 30 мыңға жуық түрін экспорттайды. Оның ішінде жолбарыстан бастап ірілі-ұсақты жәндіктер де бар.
Ендігі мәселе ақша жүрген жерде ұрлық-қарлық көбейеді. Сауда-саттықтың кесірінен кейбір популяция түрлері жойылудың алдында тұр. Табиғат қорғаушылар мен экологтар осылай деп дабыл қағады.
Дегенмен бұл аңшылық та, саятшылық та емес. Заңды жолмен жасалатын сауда-саттық. Бірақ мамандар оның қоршаған ортаға келер залалы барын жасырмайды.
Әлемде ең көп сатылатын аң – қаракүзен
Кейінгі 22 жыл ішінде Америкадан өзге елдерге заңды түрде 2,85 миллиард аңның 30 мыңнан астам түрі сатылған. Әсіресе жылан, өрмекші, балық, маймылдар мен жолбарысқа сұраныс жоғары. Мыңдағаны зообақтар мен аквариумдер үшін, қалғаны түрлі салада алуан түрлі мақсатта қолданалады. Мәселен, қаракүзен – әлем бойынша ең көп сатылатын аң түрі. Жыл сайын 48 миллионы заңды түрде экспортталады. Олардың 2,8% жабайы түрде ауланады, қалғаны фермаларда өсіріледі. Дания, Норвегия, Финляндия, Нидерланд, Балтық жағалауы, Ресей, Канада және АҚШ сынды елдер үшін күзен саудасы – экономиканың маңызды секторы. Жалпы жыл сайын әлемде 50 миллиондай күзен терісі өңделеді. Бағалы болғандықтан, сән әлемінде, тері өңдеу саласында кеңінен қолданылады.
Элис Блю-Маклендон, Техас университетінің клиникалық-ветеринарлық бөлімінің доценті:
- Адамдар жойылып кету қаупі төнген түрлерге қамқорлық жасауы тиіс. Өйткені біз бұл жануарлардың келесі мыңдаған немесе миллиондаған жылдар бойы болашақ ұрпаққа аман қалуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек.
Кейінгі жылдары аң терісінің өндірісі азайып келеді. Оған себеп COVID-19 бен құс тұмауы. Салдарынан сұраныс азайған. Осыдан 2 жыл бұрын Еуропа елдерінде өндіріс көлемі 30%-ке төмендеді. Жалпы әлемнің бірқатар елінде жабайы аңның терісін өңдеуге тыйым салынған. Мәселен, Жапонияда осыдан 8 жыл бұрын барлық тері өңдеу қожалықтары жабылды. Ал Үндістанда қаракүзен, түлкі және шиншилланың терісін өңдеуге болмайды. Жануар терісін өңдеуге тыйым ең алдымен оларды қырып-жоюдан сақтау үшін қажет.
Макака тәжірибе жасауға пайдаланылады
Ал медицина саласында макака маймылы – таптырмас жануар. Ол көбіне эксперимент жасау үшін ауланады. Қан құю кезінде ескерілетін резус-фактор осы макак-резус маймылынан табылғандықтан солай аталған. Адамға ұқсас бұл маймыл түрінің ең ірі экспортаттаушысы – Шығыс Африкадағы Маврикий елі. Жыл сайын 10 мың приматқа дейін АҚШ пен Еуропаға сатылады. Макакалар адамдармен тығыз байланысқа түсе алады. Медициналық мәселелер бойынша мәліметтер беруге көмектеседі. Мысалы, макакадағы эксперименттік сынақтар зерттеушілерге ЖИТС, тұмау, шешек және гепатит сияқты бірқатар жұқпалы ауруға қарсы жаңа препараттар мен вакциналардың тиімділігін түсінуге мүмкіндік берді.
Америкада жолбарыс азайды
Жапан даланы жортып жүретін жолбарысты торда қамап ұстау қаншалықты дұрыс? Ресми дерек бойынша қазір АҚШ-тың жабайы табиғатында тек 3 мыңға жуық жолбарыс қалған. 20 мыңнан астамы зообақтарда мекендейді. Ал 5 мыңдайын үй жануары ретінде қолда ұстайтындар бар. Бұл ретте мамандар жабайы аңдардың саудасы биологиялық әртүрліліктің жоғалуына және сирек кездесетін түрлердің популяциясының азаюына әкелетінін айтады.
«Бұл жыртқыштар өз түрлерінің барлық алты популяциясының гендерін алып жүреді. Инбридингтің төмен деңгейіне және зиянды мутацияларға қарамастан жолбарыстардың генетикалық әртүрлілігі олардың жабайы туыстарынан жоғары болмады. Оларда бірегей генетикалық нұсқалардың аз ғана бөлігі анықталды. Зерттеу нәтижелері үйлерде тұратын жолбарыстар жабайы популяциялардың генофондын байытуға көмектеспейтінін көрсетеді» — «Proceedings of the National Academy of Sciences» журналы.