Ежелде бір кітап 30 тақтайшадан тұрған
Нобель сыйлығының 50-ден астам иегері бала кезінен кітапты көп оқығанын айтады.
Иә, кітап білімді жетілідіріп қана қоймай, таным көкжиегін кеңейтеді. Ал оған дейін өмір сүрген, адамзатқа құнды еңбектер қалдырған ғұламалар мен ұлы ойшылдардың заманында кітап қоры көп болған деп айта алмаймыз. Бірақ ежелден жеткен құнды дүниелер аз да емес.
Ежелгі кітаптар бүгінгідей парақпен түптелмеген. Олар: балшықтан жасалған тақтайшаларға (Месопотамияда), Папирус шиыршықтарына (Египетте) Бамбук таяқшаларына (Қытайда), былғарыға немесе пергаментке (Римде, Грекияда) жазылған. Шиыршықтар (scroll) – ұзын қағаз немесе папирустан жасалған, екі жағынан оралған. Адам оны сол қолымен тарқатып, оң қолымен оқыған бөлікті орап отырған. Оқу үдерісі бір бағытта, яғни алға немесе артқа жылжытып отыру қажет. Ал саз тақтайшалар – көбіне тақырып бойынша бөлінген, кейде бір кітап 20-30 тақтайшадан тұрған.
Саз тақтайша - Месопотамия
Папирус шиыршықтары - Мысыр
Бамбук таяқшалары - Қытай
Былғары немесе пергамент - Рим, Грекия
Бір кітап шығаруға 60 қойдың терісі кеткен
Қазір кітаптар миллиондаған тиражбен шығып жатыр. Ал бұрын бір ғана кітапты көшіру үшін, бір адам бүкіл ғұмырын сарп еткен, дегенге сенесіз бе? Орта ғасырларда кітаптар қымбат болды. Өйткені, түпнасқадан қолмен көшіру – ұзақ әрі ауыр еңбек. Әлемдегі ең алғашқы баспа станогы XV ғасырдың ортасында ғана пайда болды. Оған дейін әрбір кітап адам қолымен көшірілді. Бұл бірнеше ай немесе жылға созылатын жұмыс. Әрі ол кезде
қағаздың орнына, қой, бұзау, ешкі терісінен жасалған пергамент қолданылды. Бір кітап жасауға 10–60 тері кетеді. Мұндай шикізат өте қымбат әрі оны өңдеуге көп уақыт қажет.
Ескі мен жаңаны салыстыру қашан да қызық дүние. Қазір кітап дүкендерінде самсап тұрған кітаптың ішінде, оқырманның көзі әуелі оның сыртқы мұқабасына түседі. Ертеде де солай болған. Кітаптар тек мәтін емес, өнер туындысы ретінде де жасалған. Алтын жалатылған әріптер, жасыл, көк, қызыл сиялар, орамалар, гравюралар. Мұндай ерекше сәнді кітаптар шіркеулерге, патшалар мен ақсүйектерге арналып жасалды.
ЖИ ежелгі жазбаларды оқиды
Жасанды интеллект кітаптың орнын басып келе жатыр деген пікірлер көп. Алайда бұл жаңа технологияны кім, қандай мақсатта пайдаланады, соған байланысты. Тілін білсе, жасанды интеллект тасқа жазылған ежелгі жазбаларды да оқиды. Сөзіме дәлел болсын, Мюнхен университетінің ғалымдары жасанды интеллектті пайдаланып, Месопотамияның 300 мың жолдан тұратын қыш тақтайшаларын аударуда үлкен жетістіктерге жетті. Бұл технологиялар бұрын оқылмайтын мәтіндерді түсінуге, мағынасын біріктіруге және әдебиетті тереңірек зерттеуге мүмкіндік берді. Нәтижесінде AI алгоритмдері бұрын белгісіз болған мәтіндерді анықтап, оларды ғылыми айналымға енгізді. Соның ішінде Гильгамеш эпосының б.з.д. 130 жылдары жазылған жаңа нұсқасы табылды. Бұл оның тарихын қайта қарауға мүмкіндік береді.
Энрике Хименес, Ежелгі шығыс әдебиетінің зерттеушісі, Мюнхен университеті:
- Жасанды интеллект бұрын-соңды ешбір жерде жарияланбаған, маңызды әрі тарихи жазбалардың сырын ашуға көмектесті. Жаңа технологияның арқасында ежелгі Вавилон әдебиетін қалпына келтіруге мүмкіндік бар. Жасанды интеллект алгоритмдері арқылы ежелгі тілдердің құрылымын тереңірек түсінуге және мәтіндердің мағыналарын ашуға болады.
Кітап - құнды дүние дейміз. Бұл тәмсілдің қалыптасуына тағы бір себеп, ежелде көпшілік жаза да, оқи да білмейтін. Сондықтан кітап мәдени құндылық ретінде бағаланды. Оны оқу – билік пен білімнің белгісі болды. Әр кітап жеке және қайталанбас болды. Бір қолжазбаның бірнеше нұсқасы болуы – сирек жағдай. Сол себепті кітап сирек зат ретінде бағаланды.