Анкарада тұрғындар ауыз сусыз отыр
Анкарада тұрғындар бірнеше күннен бері ауыз сусыз отыр. Өйткені қалаға тіршілік нәрін жеткізетін магистраль құбыры істен шыққан.
Анкарада ауызсу тапшылығы халықты әбден әбігерге салды. Осымен бүгін төртінші күн шаһардың ондаған ауданында тұрғындар тіршілік нәрінен тарығып отыр. Көріп тұрғандарыңыздай, краннан тамшы су да ақпайды. Сондықтан жұрт дәл осылай шөлмек, ыдысқа толтырып алған азғана сумен амалдауға мәжбүр.
Анкара қалалық әкімдігі келтірген мәліметке қарағанда, су тапшылығы қалаға тіршілік нәрін жеткізетін негізгі магистраль құбырындағы апатты жағдайдан туындаған. Құбырдағы қысым төмендеп, жүйеге уақытша шектеу қойылды.
Мансур Яваш, Анкара қаласының мэрі:
- Кесіккөпір су қоймасындағы ауыр жүктемеден шыны талшықты пластик құбырлары қайта-қайта жарылып жатыр. Бұл жолы екі құбыр бірдей жарылып, істен шықты. Қазір жөндеу жұмыстары тәулік бойы жүріп жатыр. Жөндеу аяқталған соң, құбыр болатпен ауыстырылады.
Кейінгі уақытта Анкарада су қоймаларының деңгейі айтарлықтай төмендеген. Әсіресе, Кесіккөпір қоймасында су мөлшері күрт азайған. Бірақ қалада су тұтыну деңгейі өте жоғары. Күнделікті орташа есеппен 1,5 млн текше метр су қолданылады. Бұл әрбір тұрғынға шаққанда 250 литрдей су. Билік тіршілік нәрін үнемдемесе, бұл су тапшылығына әкелуі мүмкін дейді.
Мансур Яваш, Анкара қаласының мэрі:
- Былтыр алғашқы 9 айда су қоймаларына 233 млн текше метр су келсе, биыл тек 101 млн текше метр ғана келді. Жөндеу жұмыстары аяқталған соң 5 ай су тапшылығы болмайды. Бірақ жауын-шашын мүлдем болмаса, жағдай қиындауы мүмкін.
Бұл Анкара үшін алғашқы жағдай емес. Осыдан 2 жыл бұрын да қала халқы бірнеше күн сусыз қалған еді. Сол себепті билік бұл жолы апатқа қарсы суды үнемдеу шараларын күшейтуді жоспарлап отыр.
Авторлары: Әсия Нұрлыбаева, Жеңісбек Сүйіндіков