Әлемде 110 млн мина жер астында жатыр
Соғыс 1 күн, 1 ай немесе біраз жылға жалғасуы мүмкін. Түбі аяқталады. Бірақ соғыс біткенмен зардабы жүздеген жылға созылады.
Бүгінгілер кетеді, ал келер ұрпақ зиянын шегеді. Өйткені әлемнің бұрыш бұрышында жер астына көмілген мыңдаған, милиондаған мина, жарылмай қалған зымырандар жатыр. Олар бүгін ертең жарылмағанмен көп жылдар өткен соң оқыс іске қосылуы мүмкін. Ал келер ұрпақ мина жасырылған аумаққа білмей аурухана, балабақша, мектептер салуы ықтимал. Қазірдің өзінде жылына 5 мыңдай адам осындай миналардан зардап шегеді. Бұл басы ғана.
Әлемнің 60-тан астам елінде 110 млн-нан астам мина жер жастанып жатыр. Жасырын жарылғыш құрылғылар қарулы қақтығыстар мен Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері тазаланбай қалған. Әсіресе Ауғанстан, Сирия, Босния және Герцеговина, Лаос, Камбоджа, Ангола, Либия, Мьянма секілде елдердің аумағында көп. Минаның адамзатқа, қоршаған ортаға келтірер зияны орасан. Қашан, қай жерде жарылатынын алдын-ала болжау алмайсың. Осының салдарынан 2022 жылы 4710 адам зардап шексе, 2024 жылғы есеп бойынша, көрсеткіш 6270-ке жетті. Дәлірек айтқанда 1945 адам көз жұмды, 4325-і ауыр жарақат алып, көбі сал болып қалған. Сорақысы олардың басым бөлігі әйел мен бала. Құрбандар 52 елде тіркелді. Басым бөлігі Мьянма, Сирия, Ауғанстан, Украина, Йеменде.
Ауғанстан
Сирия
Босния және Герцеговина
Лаос
Камбоджа
Ангола
Либия
Мьянма
Мьянма - 2029
Сирия - 1015
Ауғанстан - 624
Украина - 293
Йемен - 247
Дереккөз: Landmine Monitor 2025
Біріккен Ұлттар Ұйымы:
- Қарулы қақтығыстар кезінде құрамында ауыр металдар мен уран бар оқ-дәрілер пайдаланылады. Бұл адам денсаулығы мен қоршаған ортаға кері әсерін тигізбей қоймайды. Сондай-ақ, ауылшаруашылық жерлері мен су қоймалары да жарамсыз болып қалады. Улы заттар мен парниктік газдардың бөлінуі соғыстың экологиялық зардабы орасан зор екенін көрсетеді.
Кез келген соғыстың зардабы қалады. Былтыр Ирактың Басра қаласында бұрыннан қалған мина жарылып, 3 жасөспірім қаза тапты. Ал 2023-2024 жылдары 78 адам көз жұмған. Аяқ-қолынан айырылғандары бар. Ирактың шамамен 2100 шаршы метр аумағында жарылмаған мина жатуы мүмкін. Бұл 300 000 футбол алаңына тең аумақ. Жалпы, 1999 жылы Оттава конвенциясы күшіне енді. Құжатқа сәйкес миналарды өндіруге, жинауға, тасымалдауға тыйым салынады. Оған әлемнің 165 елі қосылған. 33 ел қалыс қалды. Оның ішінде Біріккен Ұлттар ұйымы қауіпсіздік кеңесінің тұрақты үш мүшесі - Қытай, Ресей, АҚШ бар. Сондай-ақ, Израиль, Иран, Үндістан, Пәкістан және Солтүстік Корея бұл құжатқа қол қоюдан әу баста-ақ бас тартты. Ал, биыл Латвия, Литва, Эстония, Финляндия бұл келісімнен шығатынын мәлімдеді. Мұны Польша да қостады.
Антропогендік факторлардың әсерінен әлем бойынша 70 млн гектар жер тозып кеткен. Оның 46 миллион гектары ауылшаруашылық жерлері. Бұл - Біріккен Ұлттар Ұйымы Азық-түлік шаруашылық ұйымының дерегі. Әлемдік азық-түліктің 95 пайызы жерде өндірілетін болғандықтан, бұл азық түлік қауіпсіздігіне әсер етеді. Миналар жердің астында 50 жылға дейін, тіпті одан да көп уақыт жарылмай жата береді. Сонысымен де қауіпті. Мәселен, Ауғанстан мен Камбоджадағы жерлердің 35-і пайызы жарамсыз. Оған жер астындағы миналардың мезгілсіз уақытта жарылуы себеп. Бұл егіншілікке, мал жаюға кедергі және сауда жасау мүмкіндіктерін шектейді. Сондай-ақ топырақтың тозуына, ормандардың жойылуына және судың ластануына алып келеді.
Роберт Мардини, Женева университеті-ауруханасының бас директоры, Халықаралық қызыл крест комитетінің экс-директоры:
- Кез келген соғыста инфрақұрылым мен өнеркәсіптік нысандар жойылады. Бұл өз кезегінде зиянды шығарындыларға, соның ішінде улы заттарға және өндіріс тепе-теңдігінің бұзылуына, су мен энергияны пайдалануға әкеледі. Ауыл шаруашылығы зардап шегеді. Ірі фермалар мен өндірістерде жануарлардың қырылуы, мыңдаған мәйіттердің шіріп кетуі және ыдырауы нағыз экологиялық және эпидемиологиялық апатқа әкеледі.
Адамзат соғыстың өркениетке үлкен шығын, адам денсаулығына қатер, ортаның бүлінуіне қауіп әкелетінін жақсы біледі. Бірақ қарапайым ел мұны қаламағанмен, соғысқұмарлар қашанда табылады.