БҰҰ: Ирандағы жұрт ауылға қашып жатыр
Иранда қаладағы ел ауылдарға қашып жатыр. Өйткені Тегеран мен ірі мегаполистерге тоқтаусыз бомба түседі.
АҚШ пен Израильдің шабуылы күннен күнге үдеп барады. Ислам Республикасының жаңа Жоғарғы басшысы кеше елге үндеу жасады. Можтаба Хаманеи: «Кек қайтармай тынбаймын», - дейді. Сөйтіп бұл соғыста дәл қазір райынан қайтар ешкім жоқ. Иранда ел ауылдарға және солтүстікке қарай қашып жатыр.
БҰҰ-ның дерегі бойынша, соғыс басталғалы Тегеран мен ірі қалалардан 3 млн 200 мың адам кетіп үлгерді. Өйткені шұбырған халық қалалардан кетпесе, қауіп көп. Ал жанын шүберекке түйіп, жойқын жарылыстардың астында отырған тұрғындар: «күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылдық. Өйткені бомбаның гүрсілі 4-5 сағат сайын естіледі», - дейді. Израиль мен АҚШ қақтығыс бастаған 13 күннен бері Иран аумағында 6 мың нысанға соққы жасалды. Халықаралық агенттіктер таратқан кадрларға қарағанда шабуыл салдары ауыр, әрі алапат.
Ал президент Трамп үрейленіп отырған Иран халқына үндеу тастады. Билікке қарсы бас көтеруге шақырды. Бұл мәлімдемеден соң, Ислам Республикасы Ұлттық полициясының басшысы ел ішінде бүлікке жол берілмейтінін қадап айтты. Керек болса, көшеге шыққан жұртқа оқ атылатынын ескертті.
Ахмадреза Радaн, Иран Ұлттық полициясының басшысы:
- Егер біреу қас жауымыздың тапсырмасымен әрекет етсе, біз енді ешкімді аямаймыз. Олар біздің дұшпанымызға айналады. Қауіпсіздік күштері оқ атуға толық дайын тұр.
Израильдіктер жерастын паналап жүр
АҚШ пен Израильдің шабуылдарынан Иран да қайтар емес. Израильге қарай зымырандарды тоқтаусыз жаудырып жатыр.
Жағдай оңай емес. Ірі қалаларда уақытша паналау орындары алдын ала әзірленген. Алайда зымыраннан қорғайтын арнаулы орындар бәріне бірдей жетіспейді. Сондықтан израильдіктер бомбадан қорғану үшін жерасты автотұрақтарды паналайды. Кейбірі тіпті шатыр тігіп, жертөлелерге қоныстанып алған. Өйткені Израиль армиясының қолбасшысы соғыс жақын арады аяқталмайды деп, халықты кез келген жағдайға дайын болуға шақырған.
Израиль Иранға қарсы әскери операцияға қосымша қаржы бөлуге ниетті. Мұны премьер-министр Биньямин Нетаньяху мәлімдеді. Блумберг басылымының дерегі бойынша, Тель-Авив қорғаныс шығындарын 13 млрд долларға арттырмақ. «Бұл да Иранға қарсы соғыс жақын арада аяқталмайтынын көрсетсе керек», - дейді сарапшылар.
Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер-министрі:
- Бұл әскери операция Иранның ядролық қаруға ие болмайтынына кепілдік береді. Алайда бұл үшін көп қаржы қажет. Сондықтан әскери шығынды ондаған млрд шекельге ұлғайтуымыз қажет. Қаржы министрінің осы маңызды миссияны қолдап отырғанына ризамын.
АҚШ Бомбалаушы ұшақтарын Иранға жібермек
АҚШ бомбалаушы ұшақтарын Ұлыбританияға орналастырды. Мына бейнежазбаны Рейтер агенттігі таратты. «Құрама Штаттардың бұл әрекеті Иранға қыр көрсету ғана емес тәрізді», - дейді сарапшылар. Өйткені әскери кеменің бортына бункер бұзғыш бомбалар тиелген. Қарудың бұл түрі жерге тиген сәтте немесе биікте жарылатын бомбалар секілді емес. Ондаған шақырым тереңдікке еніп, жер астында ғана жарылады. Демек алдағы күндері АҚШ пен Израиль Иранға шабуылды күшейтуі мүмкін. «Зымыран мен дрон қоймаларын жоюға кірісуі ықтимал», - дейді сарапшылар.
АҚШ Иранның қорғанысы мұншалықты мықты болады деп ойлаған жоқ. Бұл туралы Нью-Йорк Таймс басылымы жазды. Қалай десек те, бұл соғыстың әзірге тоқтай қояр түрі көрінбейді. Ал мұның соңы қара халықтың бейнет шегуіне алып келетіні анық.