Еуропа Ормуз бұғазын қорғауға құлықсыз

Көктемде дән сеппесең, аш қаласың. Қазір соғыстың көбеюі алаң туғызды. Бір ғана Ормуз бұғазы төңірегіндегі дүрбелең мұнай мен газ бағасына ғана әсер етіп отырған жоқ.

Парсы шығанағын Үнді мұхитымен жалғайтын су жолы арқылы өтетін маңызды тауарлар тізімінде азот тыңайтқыштары да бар. Егер бұл тыңайтқыш жетпесе, көп жерде егін шықпай қалуы мүмкін. Мұның соңы тамақтың қымбаттауына тіпті дефицитке әкеледі. Бұдан ең алдымен кедей мемлекеттер зардап шегеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы осылай деп дабыл қақты. 

Әлемде тыңайтқыштар қымбаттады

Соғыс басталғалы тыңайтқыш бағасы 10-30% аралығында өсті. Карбамид 472 доллардан шамамен 600 долларға дейін қымбаттаған. Дәл көктемгі егіс науқаны алдында тыңайтқыш бағасының артуы егін түсіміне қауіп төндіреді. Ресей, Қытай, АҚШ және Марокко сияқты өзге ірі өндірушілердің резервтік қуаты бұл тапшылықты толық жаба алмайды. Сондай-ақ жанармай бағасының шарықтауына байланысты тауарды тасымалдау шығындары да артқан.

Аббас Аракчи, Иран Сыртқы істер министрі:

- Меніңше, соғыс аяқталған соң, Ормуз бұғазы және болашақта сол арқылы жүзеге асырылатын кеме қатынасы үшін жаңа хаттама әзірлеу керек. Нәтижесінде Иран мен осы аймақтағы елдердің мүдделерін ескере отырып, нақты ережелер негізінде су жолының тұрақты қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз. Бұл Иранның маңында орналасқан су жолы. Оны дұшпандарымыздың пайдаланғанына қарап отыра алмаймыз. Кей мемлекеттер кемелердің бұғаз арқылы өтуін талқылау үшін бізбен байланысқа шығып жатыр. Біз қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз.

Үндістан, Қытай, Бразилия тыңайтқыш импорты бойынша Парсы шығанағы елдеріне тәуелді мемлекеттер. Үндістанға карбамид импортының 23%-ы, Қытайға 20%-ы және Бразилияға 36%-ы осы өңірден келеді. Бұдан өзге Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдеріне үлкен қауіп төніп тұр. Өйткені бұл елдерде тыңайтқыш қолдану деңгейі онсыз да төмен. Иранның өзінде де жағдай күрделі болмақ. Ел бидайдың көп бөлігін өзі өндірсе де, мал шаруашылығы импорттық жемге тәуелді. Былтыр Парсы шығанағына импортталған 30 млн тонна астықтың жартысына жуығы Иранға жеткізілген.

Еуропа Ормуз бұғазын қорғауға құлықсыз

Бұған дейін Дональд Трамп NATO-дағы одақтастарынан бұғазды қорғауға атсалысуға шақырған еді. Алайда Еуропа елдері тайсақтап, көмек қолын созуға асықпады.

«Кәрі құрлық Ормуз бұғазында еркін кеме қатынасын қамтамасыз етуге дайын, алайда бұл үшін тиісті жағдайлар жасалып, атысты тоқтату қажет», - деді. Еуроодақ көшбасшылары Кеңес отырысынан кейін осындай қорытындыға келді. Енді Трамп Жапонияға үміт артып отыр.

Кеше Ақ үй басшысы Вашингтонда Санаэ Такаичимен кездесті. Келіссөздер барысында Ормуз бұғазындағы жағдайды да талқыға салатынын айтты.

Кэролайн Ливитт, Ақ үй баспасөз хатшысы:

- Президент Трамп Еуропадағы және Парсы шығанағындағы одақтастарымызбен келіссөз жүргізуді жалғастырады. АҚШ Қарулы күштерінің әлеуеті зор. Жасырын мүмкіндіктері әлі де бар. Мен оны жария ете алмаймын. Бірақ белгілі бір жоспардың барына күмән келтірмегендеріңіз жөн.

Тыңайтқыштар бағасының қай деңгейде тұрақталатынын болжау қиын. Жалпы азот тыңайтқыштарына тәуелді дақылдар - жүгері, бидай және күріш.

Сарапшылардың айтуынша, енді фермерлер шығынды азайту үшін тыңайтқышты аз қажет ететін дақылдарды таңдауы мүмкін.