Ұлттық спорт Брюссельде дәріптелді

20 наурыз Наурызнама онкүндігіне сәйкес Ұлттық спорт күні. Миллиондаған оқырманы бар блогер, полиглот әрі Қазақстанның туризм елшісі Ю́джи Беле́за Бельгияда білім алып жатқан отандастарымызбен бірге Мәдени орталықта бас қосып, ұлттық ойындарымызды жаңғыртты. 

Юджи Белеза кез келген көше жүргіншісін тоқтатып, сол туристің ана тілінде әңгімелесе алады. Оның тек Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасына әлемнің түкпір-түкпірінен 7 миллионға жуық оқырман жазылған. Ұлты жартылай жапон, жартылай ирланд блогер түрік, суахили, зулу және тағы да басқа ондаған тілді меңгерген. Алайда оның жанына жақыны ұлы Абай тілі. Қазақстанда сырт келбетіне қарап, Юджиді қазақ деп қабылдайтындар көп. 

Юджи Белеза, Қазақстанның туризм елшісі:

- Мен бес рет болдым. Мен алтыншы рет баруым керек. Қазақстанды жақсы көремін. Менің қанымда қазақ бар. Мен өте қуаныштымын. Бешбармақты, бауырсақты сағындым. Бару керек. 

Қазақстан елшілігі жанындағы Мәдени орталықта Юджиге Ұлы дала елінде жүргендей сезінуге бүкіл жағдай жасалды. Оған бауырсақ ұсынылып қана қоймай, иығына шапан жабылды, қамшы сыйға тартылды. Бұдан бөлек, студенттер блогерге домбыра тартуды үйретіп, бірге асық ойнады. 

Юджи Белеза, Қазақстанның туризм елшісі:

- Қазақ халқының ең жақсы қасиеттерінің бірі – қонақжайлығы. Мен ол туралы үнемі айтып жүремін. Қазақ тілін әзірге жетік білмеймін. Алайда қателессем де сөйлеуге тырысамын. Адамдар оны бағалап, өте жылы қабылдайды.

Юджи Қазақстанның туризм елшілерінің бірі. Еңбегінің алғашқы нәтижелері байқала бастағандай: өткен жылы Бельгиядан Қазақстанға келген саяхатшылардың саны 15 пайызға артқан. Еуропалықтарға еліміздің табиғаты мен мәдениеті қызық. Әсіресе экологиялық және мәдени-танымдық туризмге деген сұраныс жоғары.

Дерья Сойсал, Қазақстанның туризм елшісі:

- Қазақстан ең әдемі мемлекеттердің бірі. Алайда оның туристік әлеуеті әлі толық бағаланбай келеді. Шын мәнінде, елдің мүмкіндігі өте зор: мұнда көркем таулар да, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі де, Еуропа әлі терең танып үлгермеген Түркістан секілді шаһарлар да бар. Сондықтан Қазақстан туралы көбірек айта беру керек. 

Бұл күні жастар қазақтың мергендік өнерлерінің бірі садақ атудан да бақ сынады. Олар елшілік ауласына шығып, нысананы дәлдеді. Бұл жолы да Юджи үздік нәтиже көрсетіп, бойында қазақтың қаны бар екенін әзілмен тағы бір еске салды. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы