2030 жылға қарай әлемдік еңбек нарығында 170 млн бос орын ашылады

2030 жылға қарай әлемде 170 млн жаңа жұмыс орыны ашылады.

Бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның есебі. Қазір жасанды интеллект адамдарды еңбек нарығынан ығыстырады деген қауіп басым. Алайда сарапшылар нейрожелі жаппай қысқартуға әкелмейді. Тек жұмыс істеу тәсілін өзгертеді, - деп санайды. Жасанды интеллектінің дамуы еңбек нарығына қалай әсер етуі мүмкін? Қай сала мамандарына сұраныс артады? 

Жасанды интеллект бәсекелес емес, тиімді құрал. Мәселен, мысырлық шаруалар нейрожелінің көмегімен балдыршөп өндірісінің көлемін 20 пайызға арттырып, ал шығынын 40 пайызға азайтқан. Тың технология өнімді қашан жинау керектігі мен судың ластану қаупін анықтайды. Яғни өндірісті тиімді басқаруға көмектеседі. Келешекте жасанды интелектінің тілін меңгерген мұндай шаруаларға сұраныс артады. Дүниежүзілік экономикалық форумның дерегі бойынша 3-4 жылда әлемде 170 млн жаңа жұмыс орыны ашылса, соның 34 миллионы ауыл шаруашылығы саласында құрылады екен.

Мохамед Альмоатасем, Alprotein компаниясының негізін қалаушы:

- Ресейдің Украинамен арадағы соғысы, Таяу Шығыстағы шиеленіс ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалына қатты әсер етті. Ал балдыршөп ақуызға бай. Мұны бидайдың орнына тұтынуға болады. Біздің басты мақсат - шөлді аймақтарда ақуыз өндіретін орталықтар құру. Яғни ауа райы қолайсыз өңірлерде азық-түлік өндіруге мүмкіндік береді. 

Ал Еуропа мен Жапония, Қытай секілді Азияның кей елдерінде қарттар саны жылдан жылға көбейіп келеді. Сондықтан болашақта мейірбикелер, әлеуметтік сала қызметкерлері мен психологтардың бәсі биік болмақ.  Әйтсе де, жаңа технологияның дамуынан кей кәсіп түрлері жойылуы мүмкін. Тіпті 2030 жылға қарай 92 млн адам жұмыссыз қалуы ықтимал. Ал жұмыс берушілердің талабы 40 пайызға өзгереді, дейді сарапшылар.

ЦИТАТА: КЭТИ ЛИ, Дүниежүзілік экономикалық форумы Төртінші өнеркәсіптік революция орталығы басшысының орынбасары

2030 жылға қарай көп кәсіп жойылмаса да өзгеріске ұшырайды. Өйткені сауалнамаға қатысқан жұмыс берушілердің төрттен үші қызметкерлерінің цифрлық сауатын ашу үшін қайта оқытуды жоспарлап отыр. Компания басшыларының 70 пайызы жасанды интеллект жүйелерін жасайтын мамандарды жұмысқа алуға ниетті. Ал кей салаларда IT мамандарға сұраныс 80 пайызға дейін артады деген болжам бар.

Алайда тек техникалық білім жеткіліксіз. Ең алдымен үнемі ізденіс үстінде жүретін мамандардың бәсі биік. Ал бір дипломмен шектелгендер заман көшінен қалып қоймақ, дейді сарапшылар. 

Зайнұр Байжігіт