Дубайға инвесторлардың қызығушылығы төмендеді
Дубайда жылжымайтын мүлік арзандады.
Әдетте қисапсыз қаржы айналып, жыл он екі ай бай-манаптың мекеніне айналатын қаланың бұл саладағы инвестициялық тартымдылығы кеми бастады. Кейінгі күндері АҚШ-Иран қақтығысының қайта жандануы шығанақ нарығындағы сын-қатерді тіпті ұлғайтты.
Дубайлық кәсіпкер Лалит Тилан қала орталығынан таяуда дәмхана ашты. Тамақтанатын орын «қолөнер үйі» деп аталды. Ерекшелігі сол, аспаз бен ісмер бір жерге топтасып, қатар қызмет көрсетеді. Кәсіп иесінің айтуынша, келушілер азайып, нарық мүмкіндігі кеміген кезеңде бизнеске осындай жаңаша көзқарас керек.
Лалит Тилан, кәсіпкер:
- Бұл қалаға кез келген кәсіп иесі әдетте үлкен үміт, арман жетегінде келеді. Оны іске асыруға барынша күш салады. Ойлағанымызды шынайы дүниеге айналдыру үшін ештеңе кедергі келтірмейді деп ойлаймыз. Бизнеске қолайлы қауіпсіз орта сақталса екен дейміз.
БАӘ, Абу Даби
Жалпы өңірлік қақтығыс парсы шығанағы үшін сынақ болып тұр. Ерте көктемнен бері көп шаруа тұралап қалды. Бағы асып, оңды-солды ақша сапырып жүретін бай-манаптар қазір бұл жаққа жиі ат ізін салмайды. Мұндай жағдай «Ковид-19» пандемиясынан бері болмаған.
Сауд Арабиясы, Рияд
Салех Әлхатлан, «Gulf» зерттеу орталығы төрағасының бас кеңесшісі:
- АҚШ пен Иран арасында жасалған өзара түсіністік туралы меморандумнан кейін соғыс тоқтайды деген сенім болды. Алайда арада 2-3 апта өткен соң жағдай сол тұрақсыз қалпына оралды. Қатар, Бахрейн, Кувейт пен Иордания және Иранның өзі қайта соққы астында қалып жатыр. Ормуз төңірегіндегі тартыс ұзаққа созылатын түрі бар. Араб түбегінің қос қапталындағы екі бұғазда да шиеленіс ширыққан.
БАӘ, Дубай
Арабтың бай қалалары геосаяси тәуекел салдарынан жаңа ірі инвесторлар үшін тартымды болмай барады. Оған қоса жыл бойы жиған-тергенін осында әкеп тастап кететін туристер аз. Енді қашан бой көрсетері белгісіз. Тәуелсіз сарапшылар дерегіне қарағанда, Дубайда жылжымайтын мүлік кейінгі айларда 15-20 пайызға арзандады. Құрылыс кезеңіндегі тұрғын үйлердің сатылымы да бәсеңдеді. “Сауда орындарының табысы бұрынғыдан едәуір төмен” дейді мамандар.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Ресми органдар қалыптасқан жағдайды жалпы алғанда тұрақты деп сипаттап отыр. Өйткені өңірдегі күрделі ахуалға қарамастан Әмірлікке тартылған инвестиция көлемі төмендемепті. Осылай деген билік өкілдері экономика салаларын қолдауды күшейтіп, нарық әлеуетін сақтауға күш салып жатқанын хабарлады. Олар көп дүние Иран соғысының алдағы уақытта қалай өрбитініне тікелей байланысты болады деген пайымда.
Рауан Мыңбай