Түркия мейрамханаларында қосымша ақыға тыйым салынды
Мейрамханалар кісі ақысын жеп жүрген жоқ па? Тағамның құны, төлеген ақшаңызға тати ма? Сосын даяшыға шай пұл беру міндетті ме? Түркия осындай жағдайлардың ара жігін ашып, арнайы заң бекітті. Сөйтіп, Түркия мейрамханаларындағы есеп айырысу тәртібіне қатысты жаңа талап күшіне енді. Егер заңсыз әрекетке тап болсаңыз, ақшаңызды қайтаруды талап етіп, тиісті органдарға жүгіне аласыз. Саяхатшылар бұдан өзге тағы нені білуі керек?
Әсия Нұрлыбаева, тілші:
- Қазақстандық туристер Түркияда мейрамхана таңдағанда енді тек ас мәзіріне емес, чекке де мұқият қарағаны жөн. Себебі елде тұтынушылар құқығын қорғауды көздейтін ережеге өзгеріс енгізілді. Соған сәйкес енді қоғамдық тамақтану орындары тұтынушыдан қосымша қызмет ақысын талап ете алмайды. Ал ережені елемегендерге қатысты жауапты министрлік қатаң тексеру жүргізіп жатыр.
Қызмет ақысы, сервис төлемі, кувер немесе үстел дайындау ақысы. Бұған дейін кейбір мейрамханалар мәзірде басқа баға көрсетіп, есеп айырысу кезінде дәл осындай қосымша төлем енгізіп келген. Жаңа талапқа сәйкес, мұндай тәжірибеге түбегейлі тыйым салынды. Тұтынушы тек мәзірде көрсетілген бағаны төлеуі тиіс. Ал түбіртекке заңсыз қосылған қосымша төлем анықталса, оны төлеуден бас тартып, құжатты сақтап қойған жөн. Мамандардың айтуынша, бұл құқық шетелдік туристерге де бірдей қолданылады. Олар қажет болған жағдайда тиісті органдарға шағымдана алады. Ал даяшыға шайпұл қалдыру әр адамның өз еркі.
Кенжетай Әліп, заңгер:
- Қосымша төлем мәзірде алдын ала көрсетілген күннің өзінде, оны тұтынушыдан бөлек талап етуге болмайды. Себебі қолданыстағы ережеге сәйкес мәзірдегі бағадан тыс кез келген міндетті төлем заңсыз болып саналады. Егер мейрамхана иесі шығындарын есепке алғысы келсе, оны тағамның жалпы бағасына енгізе алады. Бұл заңға қайшы емес. Ең бастысы, тұтынушы тапсырыс бермей тұрып, нақты төлейтін соманы анық білуі керек. Ережені бұзған кәсіпкерге жергілікті Сауда министрлігі тарапынан тексеру жүргізіледі. Заң бұзушылық расталса, әкімшілік шара көзделген. Биылғы өзгеріске сәйкес 4 мың лира шамасында айыппұл міндеттеледі.
Бес жылдан бері мейрамхана бизнесін дөңгелетіп отырған Гамзе Сөнмез де жаңа талапты қолдайды. Оның айтуынша, тұтынушының келісімінсіз түбіртекке қосымша ақы енгізу мейрамханаға деген сенімді төмендетеді. Мұндай тәсіл қысқа мерзімде пайда әкелгенімен, мекеменің беделіне нұқсан келтіреді.
Гамзе Сөнмез, мейрамхана иесі:
- Тұтынушыға алдын ала ескертусіз қызмет ақысын қосу дұрыс емес. Мейрамханаға келген адам ең алдымен, шотқа мұқият қарап, төленетін соманы тексеруі керек. Онда көрсетілген сома мен нақты төленетін соманы салыстырып, артық төлемнің жоқ екеніне көз жеткізген дұрыс. Әсіресе туристер осыған мән бергені жөн. Өйткені мұндай жағдайға көбіне шетелдіктер жиі тап болады.
Түркия билігі жаңа талап арқылы қоғамдық тамақтану саласындағы бақылауды күшейтуді көздеп отыр. Енді кәсіпкерлер тұтынушыға көрсетілетін қызмет пен төлем талаптарын заң аясында жүргізуге міндетті. Ал туристер шетелде қызмет алған кезде өз құқығын біліп, есеп айырысу құжаттарын сақтап жүргені жөн, - дейді сарапшылар.
Авторы: Ә.Нұрлыбаева