Қытайда тайфун салдарынан 400-ге жуық әуе рейсі тоқтатылды

Фото: depositphotos.com

Қытайдың шығысындағы Чжэцзян провинциясына биылғы 13-тайфун – «Долфин» екінші рет соққы берді, деп хабарлайды 24KZ Синьхуа ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығының мәліметінше, тайфун Вэньчжоу қалалық округіне қарасты Юэцин қаласының жағалауына жеткен.

Тайфунның орталығына жақын маңда желдің жылдамдығы 38 м/с-қа, яғни 13 баллға дейін жеткен.

«Долфин» Чжэцзян провинциясына алғаш рет жексенбі күні сағат 17:30 шамасында соққан. Сол кезде тайфун Тайчжоу қалалық округіне қарасты Юйхуань қаласының жағалауына жетіп, орталығына жақын аумақта желдің жылдамдығы 14 баллға дейін көтерілген.

Тайфун салдарынан Чжэцзян провинциясының әкімшілік орталығы Ханчжоу қаласындағы Сяошань халықаралық әуежайында 388 ұшып келу және ұшып шығу рейсі тоқтатылды.

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы табиғи апаттан зардап шеккен аудандардың жергілікті билік органдарына аса қатты нөсерден қорғану шараларын қабылдауды ескертті.