Францияның экс-премьеріне әйеліне қатысты дауға байланысты 10 жылға орден тағуға тыйым салынды
Францияның бұрынғы премьер-министрі Франсуа Фийонға елдің ең жоғары мемлекеттік наградасы – Құрмет легионы орденін 10 жыл бойы тағуға тыйым салынды. Тиісті жарлықты Франция президенті Эммануэль Макрон жариялады, деп хабарлайды 24KZ Kommersant ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Сот үкімі заңды күшіне енгеннен кейін Фийон орденнің Ұлы офицері мәртебесіне байланысты құқықтарынан 10 жылға айырылды. Осы кезеңде ол Францияның және шетел мемлекеттерінің Ұлы канцелярия қарамағындағы ордендерін таға алмайды. Сондай-ақ наградаға байланысты хаттамалық артықшылықтар мен салтанатты құрметтерден уақытша айырылады.
Бұдан бөлек, тағы бір жарлықпен экс-саясаткерге ұлттық «Ерен еңбегі үшін» орденіне байланысты құқықтарды пайдалануға 10 жылға тыйым салынды. Франсуа Фийон бұл орденнің ең жоғары дәрежесі – Үлкен крест иегері.
Ұлы офицер – Құрмет легионы орденіндегі Үлкен кресттен кейінгі екінші жоғары мәртебе. Заңға сәйкес, Францияның кемінде екі жыл премьер-министрі болған азаматтарға бұл дәреже автоматты түрде беріледі. Фийон 2007-2012 жылдары Франция үкіметін басқарды.
Айта кетейік, саясаткердің ордендері ресми түрде тәркіленген жоқ. Шектеу мерзімі аяқталғаннан кейін ол наградаларын қайта пайдалана алады. Сондықтан бұл шешімнің негізінен символдық мәні бар.
2025 жылғы маусымда Париж апелляциялық соты Франсуа Фийонды төрт жылға шартты түрде бас бостандығынан айыруға, 375 мың еуро көлемінде айыппұл төлеуге және бес жыл бойы сайлауға түсу құқығынан айыруға үкім шығарған.
2026 жылғы ақпанда саясаткер кассациялық шағымын қайтарып алғаннан кейін сот үкімі заңды күшіне енді.
Сот саясаткердің әйелі Пенелопа Фийонның депутат көмекшісі ретінде жалақы алғанымен, бұл жұмысты іс жүзінде атқармағанын анықтаған. Бұл жанжал 2017 жылғы президенттік сайлау науқаны кезінде өршіп, Фийонның сайлаудың бірінші кезеңінде жеңілуіне себеп болған.