Араб елдерінде дауыс беру аяқталды. LIVE
Араб елдеріндегі отандастарымыз саяси науқаннан шет қалмады. Әсіресе жастар жағы ерекше белсенділік танытты. Абу Даби, Дубай ғана емес, іргедегі Оман сұлтандығында дауыс беру тоқтаусыз жүрді.
Ел тарихындағы аса маңызды саяси науқанға Таяу Шығыста жүрген отандастар айрықша атсалысты. Таңсәріден дауыс беру орындарына ағылды. Араб сахарасындағы аптапқа қарамастан, қалың қараша біркісідей таңдау жасады. Анығында бұл жақта мыңдаған қазақ азаматы жүр. Бір ғана араб әмірліктерінде 2 мыңнан астам студентіміз білім алады. Сондай-ақ кәсіппен айналысатын отандастарымыз да бар. Ерекшелігі сол, Дубай мен Абу Даби – Таяу Шығысқа сапарлайтын қазақстандық туристер арасында ең танымал бағыт. Күніне жүздеп, тіпті мыңдап келеді. Кейбірі кейін уақытша жұмысқа орналасып қалады. Сондықтан дауыс беру науқаны екі әмірлікте қатар жүрді. Ал Оман сұлтандығында қазақ азаматтары елшілік аумағына киіз үй тігіп, ұлттық нақышта ән-күй шырқап, тарихи күнді ерекше есте қалдырды. Сайлауға қатысқандар көпбалалы отбасы мен батыр аналар болды.
Гаухар Иманғалиева, көпбалалы ана:
- Елімізден алшақтап жүрсек те, жүрегіміз әлі де Қазақстан деп соғады. Көпбалалы ана болғаннан кейін, балаларымыздың болашағы Қазақстанда болғаннан кейін еліміз өркендей берсін ниетпен сайлауға келдік.
Дәл осы сәттерде Таяу Шығыстағы Қазақстан елшіліктерінде дауыс беру науқаны аяқталды. Сайлау комиссиясының өкілдері бюллетендерді санауға кірісті.