Meta компаниясы балалардың әлеуметтік желіге тәуелділігі үшін 18 млрд доллар төлейтін болды

фото: ЖИ арқылы жасалған

Meta компаниясы АҚШ-тың басым бөлігіндегі штаттармен келісімге келіп, балалардың әлеуметтік желіге тәуелділігіне қатысты сот дауын реттеу үшін 18 млрд АҚШ долларына дейін төлеуге келісті, деп хабарлайды 24KZ Reuters агенттігіне сілтеме жасап.

Келісім бойынша жасөспірімдердің Instagram және Facebook желілерін пайдалану уақыты тәулігіне екі сағатпен шектеледі. Түнгі сағат 00:00-ден 06:00-ге дейін ата-анасының рұқсатынсыз әлеуметтік желілерге кіруге болмайды.

Сонымен қатар сабақ уақытында, яғни 08:00-ден 15:00-ге дейін, жасөспірімдерге жіберілетін push-хабарламалардың басым бөлігі өшіріледі. Компания балалардың жас шектеуі бар контентке кіруіне жол бермеу шараларын да күшейтеді.

Meta АҚШ-тың 47 штатына, Колумбия округіне және бірқатар аумаққа 16,7 млрд АҚШ долларына дейін төлем жасайды. Оның 12,7 млрд доллары кепілдендірілген. Тағы 5 млрд долларға дейін компания Snapchat, TikTok және YouTube платформалары да балаларды қорғауға қатысты осындай шараларды енгізген жағдайда төлейді.

Бұдан бөлек, Meta Facebook қолданушыларының жеке деректеріне қатысты Cambridge Analytica дауы бойынша 459 млн АҚШ долларын төлеуге келісті.

Сот процесінде штаттар Meta компаниясын әлеуметтік желілерін балаларды ұзақ уақыт пайдалануға ынталандыратындай етіп жасады және платформалардың қауіпсіздігі туралы қоғамды жаңылыстырды деп айыптаған.

Meta өз кінәсін мойындаған жоқ. АҚШ федералды судьясы келісімді мақұлдады.

Сот дауының аяқталуы әлеуметтік желілердің балаларға әсеріне қатысты басқа да істерді шешуге үлгі болуы мүмкін. АҚШ-та Meta, TikTok, YouTube және басқа платформаларға қарсы балалардың психикалық денсаулығына зиян келтірді деген мыңдаған талап-арыз қаралып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: