БАӘ мен Иран тікелей келісім бастады

Иран мен Араб елдері келісімге келуге тиіс. Көршіңмен тату болмасаң, берекең қашатынын екі жақ та түсінеді, әрине. Тек өзгелер бұған қалай қарайды?

Бастысы, Иран мен Араб елдері Ормуз бұғазын құрсаудан босатып, қауіпсіздігін қамтамасыз ететін коалиция құрмақ. Бастама бүгін Оман астанасында өтетін өңірлік келіссөзде қаралуға тиіс еді. Келетіндер келіп, жұрт бір жақсылық хабар күткен еді. Бірақ жаңа әзірде Оман тарапы кездесудің кейінгі қалғанын жария етті. Ал жұрт 8 мемлекеттің Сыртқы істер министрлерінің бұл кездесуінен не күтті?

Рауан Мыңбай, тілші:

- Өңірде қақтығыс басылды. Әуе соққылары сиреді. Аттандаған жұрттың арыны басылып, келісімге келе бастады. Араб елдері мен Иран ешкімнің араласуынсыз, өздері кездесіп, тікелей пікірлесе бастады. Тіпті көпжақты ресми келіссөздердің кезегі келді. Бірер күн бұрын Үндістан астанасында өткен БРИКС саммитінде әмірліктердің тақ мұрагері мен Иран Президенті кездессе,  бүгін Оманға шығанаққа жағалай қонған 8 мемлекеттің Сыртқы істер министрлері жиналды. Бұл жолғы басқосудан аймаққа әмірін жүргізгісі келетін АҚШ шенділері ғана шет қалды. Бұдан өзге мүдделі тарап түгел Маскатқа келді. Сарапшылардың айтуынша, бұл тарихи келіссөз. Тағдыршешті кездесу. Сол себепті осы жиынға көз тігіп, тыныштық пен өз елінің амандығын тілеп отырған жұрт көп. Әрине, бұл жерде Иранның қандай да бір талапқа иліге қоюы қиын. Дегенмен арабтарға сыртқы күштердің әсерін азайту үшін кей мәселеде уақытша болса да, келісе салуы әбден ықтимал. Келісім болсын десе, Араб елдері де Иранға құлақ асуға тиіс. Бірақ бұл бірер күн болмаса, бірер жылда бола қояр шаруа емес. Мәселен, күн тәртібінде АҚШ әскерін аймақтан толық шығару мәселесі тұр. Бұл шығанақ мемлекеттеріне қойылған басты талап. Араб әлемі қабылдай қоюы қиын ұсыныс. Қазірдің өзінде ресми Доха келіссөз қарсаңында жарияланған Иранның кей шарттарына өз жауабын айтып та жатыр. Қатар мұны «Әл Жазира» телеарнасы арқылы жеткізді. Ал оңтайлы ұсыныстың бірі - «Үміт» коалициясын құру.

Бұл – 2019 жылғы бастама. Қазір қайта күн тәртібіне шықты. Мұндағы мақсат – су жолын бірлесіп қорғау, 8 мемлекетті бір жүйеге жұмылдыру.

Авторы: Рауан Мыңбай

Сондай-ақ оқыңыз: