COVID-19: Франция Британиямен шекарасын жапты

Францияда Ұлыбритания мен Оңтүстік Африка Республикасында шыққан коронавирустың өзгерген түрі тіркеліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты жергілікті билік біріккен корольдікпен шекараны жауып, елде санитарлық шараларды күшейтті. Бесінші республикада вирусты жұқтырғандар да тағы ұлғайды. 

Францияға індеттің үшінші толқыны жақындаған сияқты. Яғни локдаун да алыс емес. Елде қазір күніне вирусты орта есеппен 20 мыңға жуық жұқтырып, 300 науқас қайтыс болып жатыр. Елде бұған дейін коменданттық сағат енгізілген. Кешкі сағат 8-ден кейін дәлелді себепсіз далаға шығуға тыйым салынған. Кей аймақтарда коменданттық сағат 6-дан басталады. Елде мейрамхана, дәмхана, кинотеатр, мұражай, спорт залдары жабылған. Оқушылар демалыстан кейін сыныптарына оралды. Мектептерде балалар мен ұстаздарды бақылау қатаңдатылды. Себебі короанвирустың жаңа штамы оқу орындары арқылы тарау қауіпі бар. Бірақ билік әзірге елде үшінші локадун туралы сөз қозғап жатқан жоқ. Алайда тұрғындар жалпұлттық карантин тағы енгізілетіне сенімді.

БЛИЦ:

– Менің ойымша үшінші одан кейін төртінші локдаун да болады. Өйткені елдегі індетпен байланысты жағдай сондай. Жалпы көшеге шығып, жұмысқа барғанда әлеуметтік арақашықтықты сақтауға тырысамыз. Қос-қостан бетперде алып жүреміз.

– Меніңше жаппай карантин енгізілмейді. Ғалымдар бар күшін салып, адамдар сақтық шараларын жаупкершілікпен орындап жатыр.

– Адамдардың барлығы қанша қаласа да вирусқа қарсы бір уақытта егіле алмайды. Вакцинаға сенімсіздік те бар. Барлығын вакциналау үшін бір жылдай уақыт кететін шығар. Сондықтан биыл тағы локдаун болары анық.

Бірақ Франция халықты вирусқа қарсы егу шарасы бойынша көрші елдерден едәуір артта қалып келеді. Мұнда коронавирусқа қарсы 40 мыңға жуық адам егілген. Ал Италия мен Германияда вакциналанғандар саны 8 есе артық. Үкімет жуық арада шараны күшейтуге уәде беріп отыр. Алайда бекітілген күнтізбеге сай халықтың негізгі бөлігіне екпені әлі бірнеше ай күтуіне тура келді. Яғни Францияда шектеулер көктемге дейін жалғасуы мүмкін.

Дәурен Ақашұлы, Әлия Сыздықова