Әлемде халықтың 26% кемінде бір рет құмар ойын ойнаған
Әлем халқының 26 пайызы өмірінде кем дегенде бір рет құмар ойын ойнаған.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, одан жыл сайын 350 миллион адам зардап шегеді. Канадада 15 жастан жоғары тұрғындардың 2 пайызы құмар ойынның құрығында кеткен. Ал жапондықтар арасында бұл көрсеткіш - 3 жарым проценттен жоғары.
Қытайда құмар ойындар табысты бизнес түрі. 2021-жылы онлайн ойындар нарығының көлемі 9 миллиард доллардан асқан. Ал 2027 жылы көрсеткіш 15 миллиардқа жуықтайды деген болжам бар. Негізі шығысымыздағы көрші елде құмар ойындар ойнауға тыйым салынған. Тек казинолардың орталығы саналатын Макаода ғана ондай шектеу жоқ. Өз елінде ойнай алмаған тұрғындар шетелге шыққанда ойынханаларға жиі барып жатады. Сыртқа шығарылған заңсыз капиталдың бестен бірі құмар ойындардың үлесіне тиесілі. Сондықтан Қытай билігі заңсыз онлайн-платформалармен күресті күшейткен. 2022-жылы трансшекаралық құмар ойындарға қатысты 80 мыңнан аса адам тұтқындалған. Капиталдың сыртқа жылыстауын болдырмау үшін бірқатар елдегі онлайн-операторлар қара тізімге енгізілген.
Құмар ойындарға құныққандар көп
Жапония
Жапонияда құмар ойындарға рұқсат етілген. Бірақ бірқатар шектеулер бар. Жергілікті жұрт бұрыш-бұрышта тұратын автоматтарды ойнағанды жақсы көреді. Бұл тұрғындардың 3 жарым пайызында тәуелділік туғызған. 10 мен 30 жас аралығындағы жапондықтардың 18 пайызы тәулігіне кемі 3 сағат ойын ойнаумен өткізеді екен. Мұның бәрі өскелең ұрпақтың денсаулығына кері әсер етуде. Онда билік неге тосқауыл қоймайды деген сауал туындайды. Мәселе мынада. Жапонияда "ар-ұят мәдениеті" деген түсінік кеңінен тараған. Адам өз-өзін ұстай білу қажет. Ал оның жеке басына қатысты қиындықтар көпшілікке жария етілмеу керек.
Сингапурдың тәжірибесі өзгелерге үлгі
Сарапшылар адамның өзінің жеке басының жауапкершілігінен бөлек мемлекет деңгейіндегі іс-шараларсыз құмар ойындар мәселесін шешу мүмкін емес дейді. Осы ретте Сингапурдың үлгісін мысалға келтіреді. Мұнда 2005-жылы құмар ойындар жөніндегі Ұлттық кеңес құрылған. Ол халық арасында түсініктеме жұмыстарын жүргізеді, кеңес береді, лудоманияның алдын алу, оған шалдыққандар мен жақындарына ем көрсету, бұл бағытта зертеулер жүргізумен айналысады.
Авторы: Жұлдыз Атагельдиева