Перуде медицина қызметкерлері аштық жариялады

Перуде бірнеше күн бұрын басталған медицина қызметкерлерінің ереуілі әлі де басылар емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тіпті төрт адам аштық жариялаған. Жалпыұлттық наразылық акцияның қатысушылары жергілікті биліктен еңбек жағдайының жақсаруы мен жалақының өсуін талап етеді. Жұмыс істеу үшін қажетті медициналық құрал-жабдықтар жетіспейді. Оған қоса аймақта коронавирус жұқтырған дімкәс жандардың көбеюіне байланысты ақ халаттылар үстеме жұмыс істеуге мәжбүр. Қауіпті індет дәрігерлерді де аяп жатқан жоқ. Пандемия басталғалы бұл кеселден Перудің 226 медицина қызметкері көз жұмды. 

Теодоро Киньонес, дәрігер:

– Үкімет бізге құлақ аспаған соң аштық жариялап отырмын. Осы уақытқа дейін берген уәделері бос сөз болып қалды. Әлеуметтік жағдайды жақсартамыз деп уәде берген еді. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Жұмыс барысында қажетті құрал жабдықтардың жетіспеушілігі әбден шаршатты. Сондықтан еңбек жағдайымызды жақсартуды талап етеміз.