COVID-19: Франция вакцинаға күдікпен қарайды

Вакцинаның ықпалы халықтың 10 проценті егілген соң сезіле бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Танымал Француз иммунологы Стефан Поль осылай деп отыр. Ғалымның пікірінше, АҚШ пен Ұлыбританияда жаппай вакциналаудың арқасында індеттің таралуы көп ұзамай саябырлайды. Ал халықтың тек 2,5 проценті егілген Францияда мұндай нәтиже жуық арада бола қоймауы мүмкін. Бірақ билік епке шарасын күшейтуге уәде беріп отыр.

Еуропада вакциналау шарасы ең баяу жүріп жатқан ел –Франция. Қазіргі уақытқа дейін дертке қарсы екпені 65 милион тұрғынның 1 жарым миллионы ғана салдырған. Кей болжамға қарағанда жергілікті халық отандық вакцинаның шығуын күтіп отыр. Әзірше төл туынды, яғни мұндай екпе жоқ. Алдағы уақытта француз вакциналары өзге компания екпелерінің негізінде пайда болуы мүмкін. Мысалы, «Санофи» өз вакцинасын «Файзер» мен «Байонтек» екпесі негізінде жасамақ. Ақпан айының соңына дейін вакцина шығаратын 4 кәсіпорын іске қосылуы мүмкін. Қазір француздар «Файзер», «Модерна» және «Астразенека» вацинасымен егілуде. Ресейлік «Спутник V» вакцинасы да қолданылуы ықтимал. .

Эммануэль Макрон, Франция президенті:

– Ресейлік вакцинаны тіркеу туралы сұраныс түсе салысымен Еуроодақтың ғылыми органдары тәуелсіз сараптама жүргізіп, соның негізінде дәрі-дәрмек туралы еуропалық агенттік өз шешімін шығарады. Бұл саяcи шешім емес. Өйткені екпе адамдардың денсаулығына әсер етуі мүмкін.

Ал сауалнамаға қарағанда, Еуропада вакцинаға көбіне француздар күдікпен қарайды екен. Бірақ ұзақ санитарлық шектеулер халықтың екпеге деген көзқарасын өзгерткен секілді. Соңғы зерттеулер вакцинаны тұрғындардың барлығы дерлік салдыруға қарсы еместігін аңғартады.

БЛИЦ:

– Мен кеңес ретінде ұсынылған вакцинаны салдырамын. Бірақ қазір екпені алдымен оған мұқтаж адамдарға салу қажет деп ойлаймын.

– Өз басым дерттен сақтану үшін және еш алаңсыз сапар шегу үшін екпе салдырамын. Вакцина шетелге шығатындарға міндетті түрде егіле бастайтын шығар.

– Екпені салдырамын ба, жоқ па әлі білмеймін. Бірақ бастығым салдыру керек деп жатыр. Неге салдырмасқа. Бүгін жаңалықтан 65 жастан төмен азаматтарға салдыратын вакцина шыққанын естідім.

– Мен вакцина салдырып қойдым. Бәрі жақсы.

Қазір Францияда вакцина тек жасы 75-тен асқан тұрғындар мен вирусты жұқтыру қауіпі жоғары дәрігерлерге және созылмалы ауруы бар тұрғындарға салынып жатыр. Үкімет жаздың соңына дейін барлық азаматтар екпе салдыра алатынын айтады.

Алия Сыздықова, Руслан Өміржан