Илон Маск ұсынған вакуум пойыз идеясы жүзеге асып келеді

Адамзат баласы жолаушылар тасымалдау көлігінде тағы бір төңкеріске қол жеткізетін кез алыс емес. 8-9 жыл бұрын танымал американдық кәсіпкер Илон Масктың ұсынған ваккумдық пойыз идеясы біртіндеп жүзеге асып келеді. Былтыр қараша айында вакуумдық пойызбен жолаушыларды тасымалдау сынағы сәтті өтті. Биыл осы көлік жүйесінің тұжырымдамасы таныстырылды.

АҚШ-тың Лас-Вегас қаласынан солтүстікке қарай шөл даладағы тау етегінен ұзын ағараңдаған темір құрылымды көруге болады. Бұл аттракционға ұқсайтын құрылыс «вержин хайперлуп» компаниясының басты сынақ алаңы. Келешекте осындай ауасыз туннельде электромагниттік өріс күшімен жолаушыларды сағатына 1 мың  шықырым жылдамдықпен тасымалдау көзделген. Осылайша елдер мен қалалар арасында өте жылдам саяхатқа қол жеткізілмек. 

Джош Гигель, Virgin Hyperloop компаниясының бас директоры:

- Бұл ұшақпен ұшқан секілді. Ол жылдамдық алған соң сіз оның қаншалықты қатты жүріп бара жатқанын сезбей қаласыз. Турбуленттік деген мүлдем болмайды. Сіздің алдыңызда шыныда тұрған кофеңіз шайқалып төгілмейді. Ұшақ сияқты жылдам қозғалғанымен тербеліс болмайды.

Былтыр күзде алғаш рет жолаушыларды тасымалдау сынағы өтті. Компанияның қос басшысы сағатына 172 шақырым жылдамдықпен 500 метрдей жүрді. Келешекте бір пойызбен 28 жолаушы тасымалданады. Пойыздың соңғы нұсқасы да қазіргіден өзгеше болмақ.

Джош Гигель, Virgin Hyperloop компаниясының бас директоры:

- Қазір көріп тұрған көлігіміз ұзарады, яғни туристік автобусқа ұқсайтын болады. Сіз діттеген жеріңізге ұшақтың жылдамдығымен жетесіз. Және пойыз темір құбырдың ішінде қозғалатындықтан барлық ауа райының қолайсыздығынан қорғаласыз.

Бірақ жобаны жүзеге асыруда әлі шешімін таппаған мәселе баршылық. Мысалы, кей сарапшылар мыңдаған шақырымға созылатын темір құбырда ваккумның сақталуына әлі күмәнмен қарайды. Қалай болғанда да бірлестік 2030 жылға қарай алғашқы коммерциялық сапарды жүзеге асырып, жүк тасымалдауды да қолға алуды көздеп отыр.

Автор: Дәурен Ақашұлы