Аутизм – әлемді алаңдатқан дерт
2 сәуір – Дүниежүзілік аутизм туралы ақпарат тарату күні. 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленген.
Диагнозы дәлелденбеген, емдеу жолы беймәлім аутизмге шалдыққан балалардың саны жыл санап артып келеді. Соңғы 9 жылда аутизм анықталғандар саны бес есе өскен.
Иә, "Autism Speaks" халықаралық ұйымының дерегіне сүйенсек, шамамен жер бетіндегі 10 млн адамда аутизм синдромы бар.
Аутизм – әлем бойынша әлі толық зерттелмеген синдром. Десе де, оны кейінгі жылдары балаларда ерте анықтаудың заманауи әдісін ұсынған елдер бар.
Аутизм баланың көзінен білінеді
Аутизм синдромын жасанды интеллект көмегімен анықтауға болады.
Қытай ғалымдары көздің торлы қабығын диагностикалау арқылы аутизмге шалдыққан балаларды 95% дәлдікпен анықтайтын технология ойлап тапты. Яғни көздегі талшықтар мен қан тамырларын сканерлеу арқылы 70 баланың ішінде аутизм синдромы бар 46 баланы анықтаған.
Бұл әдіс әзірге сынама түрінде ғана қолданылды. Егер халықаралық деңгейде мақұлданса, жобаны әлемдік медицинаға жаңа әдіс ретінде енгізу жоспарда бар дейді, ғалымдар.
Бенни Зи, Гонконг университетінің профессоры:
- Әртүрлі технологиялар дененің ішінде не болып жатқандығы туралы түсінік алу үшін әртүрлі кескіндер береді. Бірақ инвазивті процедураларсыз тікелей бейнені көруге және алуға болатын бір ғана орын бар. Бұл – көз. Сондай-ақ көздің ішіндегі ақпарат өте құнды. Офтальмоскопия арқылы біз торлы қабықты, оптикалық нервті және көздің басқа құрылымдарын зерттейміз. Ретинальді сканерлеу ауытқуларды ерте анықтауды жақсартуға көмектеседі.
Аутизмді терапиямен емдеу әдістері
Аутист балаларды әлемдік медицинада "жаңбыр балалары" деп те атайды.
Өйткені, олар суды жақсы көреді. Мәселен, дамыған елдерде арнайы терапия бар. Ол – дельфиндермен емдеу. Бұл арқылы аутист балалардың 70%-і жазылып кететіні дәлелденген. Қазірде дельфин терапиясы АҚШ медицинасында кеңінен қолданылады.
Бұдан бөлек иппотерапия әдісі де бар. Яғни жылқылармен серуендеу балалардағы ұсақ моториканы жаттықтыруға жақсы көмектеседі. Бұл АҚШ, Испания, Мексикада жақсы дамыған.
Иппотерапия – адамның бұлшық ет балансын қалпына келтіруші, əрі сенсорлық дамытушы əдіс. Жылқымен сөйлесу, сипау эмоционалдық қиындықтарды жеңуге, баланың өз тəртібі мен əрекетін басқара білуге үйретеді. Жылқы жануарының биоөрісі өте күшті болғандықтан, адамға жағымды, оң энергия бере алады, деп жазады америкалық "Horses and Humans Research Foundation" сайты.
Батыста аутист балаларды әртүрлі бағдарлама арқылы қоршаған ортаға бейімдеуге көмектеседі. АҚШ мемлекетінде бір балаға жылына 30 мың доллар бөлінеді. Бірақ мұның көмегі аз. Өйткені аутизм синдромына шалдыққандардың 70% науқаста дос-жоралары жоқ, 95% үйленбеген не тұрмысқа шықпаған. Ал 80% нақты жұмыс орны жоқ.
Десе де, тарихқа үңілсек аутизм синдромы бар танымал тұлғалар көп болған.
Аутизмге шалдыққан танымал тұлғалар
Мәселен, Леонардо да Винчи, Исаак Ньютон, Альберт Эйнштейн, Моцарттар жетістікке жетуде аутизм кедергі емесін дәлелдеп кетті.
Аңызға айналғандарды айтпағанда, дәл осындай диагноз Майкрасофт атасы Билл Гейтсте де бар. Тіпті миллиардер Илон Маскке де дәрігерлер аспергер синдромын қойған. Оның осындай дәрежеге жетіп, ақыл-есі жоғары адамдардан да асып түсуіне себеп болған дүние – космосқа деген қызығушылығынан басталған.
Илон Маск, Тесла компаниясының негізін қалаушы:
- Мен ақылға сыймайтын, миға қонымсыз дүниелерді көп ойлаймын. Оны кемшілік деп санамаймын. Себебі, менің миым солай жұмыс істейді. Ойлаңыздаршы, есі дұрыс адам, адамдарды Марсқа ұшыра ма?!