А.Лукашенко Ryanair ұшағын қондыруға қатысты пікір білдірді

Беларусь президенті Александр Лукашенко алғаш рет Ryanair ұшағын Минскіде қондыруға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуынша, ол заңға сәйкес әрекет еткен. Ал Батыс елдері тарапынан болып жатқан қысым – көп деңгейлі террор. Лукашенконың сөзінше, қазір кей елдер Беларусьте бүлік шығаруды қойып, енді мемлекетті буындыруға көшкен. Ал Афины-Вильнюс бағытында ұшып бара жатқан ұшақта жарылғыш заттың бары туралы хабар әу баста Швейцариядан келіп түсіпті. Беларусь тарапы бұған шұғыл әрекет етіп, ақпарды ұшақ экипажына жеткізген. Осыдан кейін Ryanair ұшағы Минкс әуежайына қону туралы шешім қабылдапты. Бұл ретте Александр Лукашенко батыс елдерінен Минскідегі оқиғаны тергеуге кеткен шығындарды өтеуін талап етті. 

Александр Лукашенко, Беларусь президенті:

– Біз болжағандай, елімізге қырғи қабақ танытатындар іште де, сыртта да бар болып шықты. Олар мемлекетімізге қарсы бағытталған шабуылдау тәсілдерін өзгертіп, шектен шықты. Бұл ақпараттық соғыс емес, заманауи гибридтік соғыс. Енді оның қантөгіс соғысқа айналмауы үшін қолдан келгеннің бәрін жасау керек.