Вирусты жеңіп шыққан Израиль қайтадан індетпен күреске дайындалып жатыр

Израильде коронавирус дертін жұқтыру жиілеп барады.

Осыған байланысты үкімет дабыл қағып отыр. Науқастардың көбі – шетелден келгендер. Билік шекараларды жауып, қатаң карантин шараларын енгізуді қарастыруда.

Израиль билігі ғимарат ішінде маска тағуға міндеттейтін соңғы карантиндік шараны бір апта бұрын ғана алып тастаған еді. Мамандар бұл асығыс шешім болғанын айтады. Сол себепті олар қайтадан қоғамдық көлік пен адам көп жиылатын орындарда бетпердемен жүру керектігі жайлы айтып отыр. Өйкені коронавирусты жұқтыру деректері көбейіп барады. Маусымның басында бірнеше науқастан тіркеліп отырса, қазір тәуліктік өсім жүзден асады.

Михаил Гдолевич, Израиль Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі:

– Тұрғындардың бұл шешімге қалай қарайтыны белгісіз. Бірақ қайтадан маска тағу керек болса, жұрт түсіністік танытады деп ойлаймыз. Біз қалыпты өмірге қайта оралғымыз келеді

Эпидемиологтар биліктің асыққанын айтады. Өйткені әуе сапарлары қайта жанданған соң, израильдіктер шетелге шығып, елге вирустың мутацияларын алып келді. Салдарынан мектептерде екпе салдырмаған балалар арасында ауру анықталды. Енді билік қайтадан әуежайды жауып, әуе рейстеріне шектеуді қарастырып жатыр.

Нафтали Беннет, Израиль Премьер-Министрі:

– Біз қайтадан коронавируспен күрес жөніндегі комиссияны құрамыз. Енді Бен-Гурион әуежайында жүргендердің барлығы маска тағуға міндетті. Бірі қалмай, осы ережеге бағынуы керек. Израильге кіретіндердің барығы ПТР-тест тапсыруы қажет. Шетелге мүмкіндігінше шықпаған жөн. Асып бара жатқан қажеттілік болмаса, ел ішінде саяхаттаңыз. Израильде демалатын орындар жетеді.

Осы ретте шетелден қайтқанда карантиндік талаптарды бұзғаны үшін не «қызыл тізімге» кіретін мемлекетке рұқсатсыз барғаны үшін ірі айыппұл қарастырылған. Оның мөлшері – 1200 еуро. Өйткені жуырда АҚШ-та тұратын діндар еврейлердің Израильге тойға келгені белгілі болды. Бірақ құжатта олар оқуға келгенін көрсеткен. Қазір полиция осы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатыр. Ал қарулы күштерде төтенше штаб жұмысын жандандырды. Осылайша бертінде ғана коронавирусты жеңіп шықтық деген мемлекет қайтадан пандемиямен күреске дайындалып жатыр.

Авторлары: Жұлдыз Атагельдиев. Сергей Ауслендер

 

Сондай-ақ...