Кореяда ковид індеті қайтадан ушықты

Оңтүстік Кореяда коронавирус індеті қайта ушықты.

Ақпарат көздерінің хабарлауынша, елде бір күнде 1212 науқас анықталған. Мамандар індеттің жаңа толқыны басталуы мүмкін деп қауіптенеді. Инфекция жұқтырғандардың көбі 10 млн астам тұрғыны бар Сеул қаласында тіркелген. Сонымен қатар Пусан, Тэджон, Тэгу қалаларындағы эпидахуал да мәз емес. Жергілікті билік індет жазғы демалыста өршігенін айтады. Алдағы бірнеше күнде жағдай оңалмаса, аймақта маска тағу режимі мен әлеуметтік қашықтық сақтау ережелері қайта күшейтілмек. Талаптардың орындалуын бақылау үшін тәртіп сақшылары, әскерилер мен мемлекеттік қызметкерлер тартылады. Оңтүстік Кореяда ел тұрғындарының 10 проценті ғана коронавирусқа қарсы вакцинаның екі компонентін қабылдаған. Ал екпенің бірінші дозасын 30 проценті ғана ектірген. 

Ли Ки Ил, Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігінің өкілі: 

- Соңғы тәулікте тіркелген науқас саны 1200-ден асты. Оның 44-і сырттан келгендер. Инфекция жұқтырған 990 адам Сеул шаһарының тұрғыны. Статистика күн өткен сайын артып барады. Сондықтан елде әлеуметтік арақашықтықты сақтау ережесі тағы бір аптаға ұзартылады. Егер ахуал жақсармаса қатаң шаралар қолға алынады.