Индонезияда ковид-науқастарға азық-түлік жеткізетін робот ойлап табылды

Индонезияда университет оқытушысы коронавирус жұқтырып, оқшауланған тұрғындарға азық-түлік жеткізетін робот ойлап тапты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құлтемір үйдің жанына келгенде амандасып, «Тапсырыс жеткізілді. Деніңіз сау болсын» деп дыбыстайды. Пульт арқылы басқарылатын, заманға сай құралға «Дельта-робот» деген ат қойылған. Өнертапқыш оны кәдімгі кәстрөл, таба және ескі теледидар мониторынан, ал басын күріш пісіретін ыдыстан құрастырған. Көмекші құрылғының батареясының қуаты 12 сағатқа жетеді. Сондай-ақ осы робот арқылы вирусты залалсыздандыратын зат шашуға да болады. Әзірге заманауи құлтемір Сурабая қаласының маңындағы ауыл тұрғындары үшін қолданылуда.

Беназир Ариф Муттақин, технологиялық институттың оқытушысы:

– Бұл роботты ауылдық жерге енгізген себебіміз – ол жоғары технологиялы емес, қарапайым ғана жасалған. Концепциясын жасауда ауыл тұрғындарының ақыл-кеңесі көп көмектесті. Біздің университет тарапынан да жоғары қолдау көрсетілді.