Украина теміржол вокзалдарында жедел тестілеу пунктері ашылды 

Украина теміржол вокзалдарында жедел тестілеу пунктері ашылды 

Украина көлік жүргізушісі мен қатар жолаушылардан да ковид сертификат талап ете бастады. Құжат бүгін күшіне енді.

Елдің бірқатар қалаларындағы вокзалдарда вакциналау және жедел тестілеу пункттері ашылған. Бірақ мұндай жаңашылдыққа бойы үйренбеген жолаушылардың наразылығы басым. 

Александр Билявский, жолаушы:

– Пойызға билетті кеше интернет арқылы сатып алдым. Сумы қаласындағы ауырып жатқан анама асығып тұрмын. Алайда мені бүгін пойызға жібермей тұр.

Киевтің теміржол вокзалында Александр сияқты сеңдей соғылған халық санында есеп жоқ. Билетті сатып алғанмен, экспресс-тест жасамаған және ковидке қарсы екпесі жоқ жолаушылар пойызға отыра алмай дал.

Алексей Матяш, жолсерік:

– Біз жолаушылардың паспорт, жеке куәліктерін және екпе алғаны туралы мәліметті немесе ковид тестін тексеріп жатырмыз.

Украина билігі жиырма бірінші қазаннан бастап, аймақаралық және облысаралық жолаушыларды тасымалдаудың жаңа ережелерін бекітті. Бұдан былай, транспорт жүргізушісі мен жолаушылардан ковид сертификат немесе екпе талап етілетіін болады. Осыған байланысты, Украинаның ірі қалаларындағы теміржол вокзалдарында тегін екпе салдыру бөлімшелері жұмысын бастады. Алайда алғашқы күнгі ұзын-сонар кезек жолаушыларға қолайсыздық тудырада.

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары, жол-көлік саласының сарапшысы

– Жаңа ереже 2,3,5, тіпті 10 сағат бір вагонда және бірге алыс жолға қатынайтын жолаушыларға ғана қатысты. Оның үстіне жаңа жыл және Рождество алдында саяхаттаушылар саны артады. Сондықтан сақтық шараларын қолдануымыз қажет. Ең дұрысы – алдын-ала екпе салдырып, тұрғындардың жолға тиянақты дайындалғандары дұрыс. Вокзалдардағы алғашқы күнгі қарбалас уақытша деп сенеміз.

21 қазаннан бастап экспресс-тестілеуді Украинаның Киев, Львов, Харьков, Одесса, Днепр сияқты он ірі қалаларындағы теміржол вокзалдарында жасауға болады.

Атап өту керек, 18 жасқа толмаған жолаушылардан екпе немесе тест талап етілмейді. Вокзалдардағы ковид індетін анықтайтын экспресс-тестің бағасы қаладағы жекеменшік зертханалардан екі есе арзан. Мұнда жылдам тестілеу 350 грн, шамамен 5600 теңгеге тұрады.

Украинада эпидемиологиялық жағдай мәз емес. Ресми статистика бойынша, бір тәулікте коронавирус 22 мың 415 адамнан анықталған, бір күнде індеттен 546 тұрған көз жұмды.

Авторлары: Аида Қыдырбай, Петр Борейко