Украина қарыздан көз ашпай қалды

Украина халықаралық қаржы қорынан 700 млн доллар несие алды. Жуырда мемлекет тағы да 300 млн евро қарызға батқалы отыр. Бұл ретте, ел Президенті Зеленскийдің рейтінгі 20 процентке дейін төмендеді. Бұл оның ел басқару кезеңіндегі ең төменгі көрсетіші.

Аида Қыдырбай, тілші:

- «Рейтинг» әлеуметтік сауалнама деректерінің көрсеткіші бойынша Украина басшысының халық арасындағы беделі 19,3 процентті көрсеткен. Бұл 2019 жылы сайланған Зеленскийдің президенттік қызметіндегі ең төмен көрсеткіш. Айталық, қыркүйек айында ғана Украина лидерінің рейтингі 33,3 процент болған. Саяси сарапшылар пайымдауынша, оған Зеленскийдің «Олигархтарға қатысты» жаңа заң жобасы тікелей әсер еткен. 

Геннадий Кобаль, саяси сарапшы, кәсіпкер:

- «Олигархтарға қатысты» жаңа заң жобасы Зеленскийдің елдегі бірқатар алпауыт өнеркәсіптік және ірі қаржы ұйымдарымен күресін көрсетті. Сондықтан Президенттің партиясы көп сынға алынды. Және тәуелсіз БАҚ құралдары Зеленскийге қатысты сын-пікірлерін күшейтіп, халық арасында оның беделін түсіруге ықпал етіп жатыр.  

Ел экономикасының тұрақтандырып, ковидке қарсы күресті күшейту мақсатында Украина халықаралық қаржы қорларынан қарыз алуға мәжбүр. Апта басында мемлекеттің 700 млн доллар несие алғанын Ұлттық банк басшысы мен Президент Владимир Зеленский мәлімдеді. Осы айда қазынаға тағы да қарыз ақша түспек.

Александр Кава, Украина қаржы министрінің орынбасары:

- Халықаралық қаржы ұйымдарынан түскен 700 млн доллардан басқа Украина тағы 300 млн еуро несие ақшаны күтеді. Бұл ең алдымен макроэкономикалық тұрақтылықты, гривна бағамын сақтау, сондай-ақ мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігін аса маңызды баптар бойынша толықтыруға жұмсалмақ.

Аида Қыдырбай, тілші:

- Қарашаның басында Украина депутаттары 2022 жылға арналған мемлекеттік бюджет туралы Заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Депутаттық корпустың ақпаратына сай бұл парламент тарихында ең ұзақ талқыланып, қиын қабылданған заң жобаларының бірі. Әсіресе Рададағы оппозицяялық топ қарсылық танытып, заңды қолдамайтынын ашық айтты. Атап өту керек, Украина қауіпсіздік және  қорғаныс мақсатында 2022 жылға арналған бюджеттен 11,8 млдр долллар, яғни ІЖӨ нің шамамен алты процентін жұмсамақ.

Аида Қыдырбай, Петр Борейко